Фото: Ақорда
Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрін қабылдап, әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейту бойынша тапсырма берді, деп хабарлайды Ult.kz.
Мемлекет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованы қабылдады. Кездесуде еңбек нарығын дамыту, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және зейнетақы жүйесін жетілдіру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Министрдің айтуынша:
– Жұмыспен қамту саласы бойынша 2029 жылға дейінгі жоспардың 83%-ы орындалған.
Соңғы бес жылда 2,7 миллион азамат еңбекке тартылған. Өңірлерде сапалы жұмыс орындарын ашуға бағытталған жол картасы және жыл сайынғы KPI жүйесі іске асуда.
– Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 30%-ға азайған.
Бұл ресурстарды шын мәнінде мұқтаж жандарға бағыттауға мүмкіндік берген. Қазіргі уақытта 285,1 мың адам атаулы көмек алып отыр. Биыл бұл мақсатқа 27,1 млрд теңге бөлінді.
– Өндірістік жарақаттану 6,5%, ал адам өліміне әкелген оқиғалар 4,5% төмендеген.
– Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 522 мыңнан астам азаматқа қызмет көрсетілген, 27 мың адам инватакси қызметін пайдаланған.
– Базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін ұлғайтылды, әрі жыл сайын инфляцияға сәйкес индексация жүргізіледі.
2028 жылға қарай жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы 5%-ға дейін кезең-кезеңімен өседі.
– Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау аясында Бірыңғай цифрлық платформа құрылып жатыр. Бұл әлеуметтік қолдауды нақты мұқтаж азаматтарға жедел жеткізуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы:
- жұмыспен қамту сапасын арттыруды,
- әлеуметтік қолдау шараларын толық цифрландыруды,
- еңбек қатынастарындағы қауіп-қатерлердің алдын алуды,
- зейнетақы жүйесін және көші-қон саясатын жаңғыртуды тапсырды.
