30 жел, 2019 сағат 07:28

Үкімет заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспарын бекітті

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2019 жылға арналған жоспарының орындалу барысы және 2020 жылға арналған жоспар жобасы қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚР әділет министрі М. Бекетаев баяндама жасады, ол биыл Парламентке «Педагог мәртебесі туралы», «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексті, Экологиялық кодексті және т. б. қоса алғанда 32 заң жобасы енгізілгенін айтты. 

«2020 жылға арналған жоспар жобасына өзекті және маңызды мәселелерді шешуге, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларын орындауға бағытталған 17 заң жобасы енгізілді», — деді А. Мамин. 

Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын және Жолдауын іске асыруға арналған заң жобалары қарастырылған. Жаңа заң жобалары, соның ішінде,«Ардагерлер туралы», «Өсімдіктер әлемі туралы» және әрекет етіп тұрған заңнамаға өзгерістер енгізуді көздейтін тағы да басқа бірқатар заң жобалары әзірленеді. 

Премьер-Министр мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына заң жобалау жұмысын жеке бақылауға алуды тапсырды.

«Жоспарлы заң жобаларын енгізу мерзімдері бұзылған жағдайда тікелей бірінші басшылардың жауапкершілігі қаралатын болады», — деп А. Мамин, Әділет министрлігіне Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспарын іске асыру кезінде жалпы бақылауды күшейтуді тапсырды.