Президент тапсырмасын жүзеге асырудың іс-шаралар жоспарын дайындаған соң әрбір мемлекеттік орган өзіне жүктелген тапсырмалар туралы толық мәлімет береді. Бұл туралы онлайн брифингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін Қарағанды қаласында 62 жастағы азамат коронавирустан қайтыс болды. Осыған байланысты марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтамын. Болған іске сабыр етіңіздер», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.
Сондай-ақ, ол кешегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған үндеуі жайлы айтты.
«Президент өз үндеуінде дағдарысқа қарсы шаралардың екінші пакетімен таныстырды. Бұл шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында кең көлемде жариялануда. Сонымен бірге, Үкімет Президент тапсырмасын жүзеге асырудың іс-шаралар жоспарын дайындап жатыр. Дайын болған кезде әрбір мемлекеттік орган өзіне жүктелген тапсырмалар туралы толық мәлімет береді. Яғни мемлекеттің көмегін, қалай, қай жерде, қандай тәртіппен алу керек екені нақты түсіндіріледі. Қазір бұл механизмдер пысықталуда. Сондықтан үлгермей қаламыз деп уайымдаудың қажеті жоқ. Көмекке мұқтаж барлық адамға жәрдем беріледі, мемлекет ешкімді қамқорлықсыз қалдырмайды», - дейді ол.