Үкімет Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан басқа өңірлердегі сауда нысандарына келушілерге тегін маска таратуға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан басқа өңірлердегі ірі сауда нысандарына мынадай кеңестер беріліп отыр. Нысанға келушілерді тек маскамен кіргізу керек. Азамат маскасыз келсе, оларға ақысыз маска тарату ұсынылады. Барлық келушіге коронавирустың алдын алу бойынша естелік парақшалар берілуге тиіс. Базарлармен қоса ірі сауда-ойын сауық орталықтарының жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін деп бекітіледі. Азық-түлік cатпайтын базарлардың уақыты сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін болуы керек», - деді Ералы Тоғжанов Үкіметтің баспасөз орталығында өткен онлайн режімдегі брифинг барысында.
Үкімет басшысының орынбасары сауда-ойын сауық орталықтарында барлық кинотеатр, балалар орталығы, адам көп жиналатын кез келген ойын сауық шарасы тоқтатылатынын еске салды.
«Бұл кезде дәріханалар мен дүкендер, дүңгіршектер жұмыс істей береді. Бірақ санитарлық өңдеу мен қауіпсіздіктің қатаң шаралары сақталады», - деді ол.