© Photo: Karachaganak Petroleum Operating B.V.
Қазақстан Үкіметі елдің ірі мұнай кен орындары – Қарашығанақ пен Қашағанды игеретін операторлардың үстінен талап-арыз түсірді. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Үкіметтің өкілетті органы – PSA компаниясы Қарашығанақ пен Қашаған компанияларының үстінен халықаралық арбитражға талап-арыз түсірді. Өкінішке қарай, мен мән-жайды жария ете алмаймын. Бір ғана айтарым, талап-арыз Қазақстан халқының мүддесі үшін берілді", - деді Сәтқалиев Үкімет кулуарында.
Айтуынша, талап-арыз сомасы 3,5 және 13 млрд АҚШ долларын құрайды.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі дереккөзге сілтеме жасап, Қазақстандағы екі кен орнын игеріп жатқан компаниялар арбитраж сотында ел Үкіметінен талап-арыз алғанын хабарлаған еді. Компанияларға санкцияланбаған шығындармен байланысты айып тағылған.
Қазақстан Үкіметі жоба серіктестері Қашаған бойынша 13 млрд доллар, ал Қарашығанақ бойынша 3,5 млрд доллар мөлшеріндегі шығындарды шегермеуі керек деп санайды.