Қазақстандағы кедейлер санын нақты анықтап алуымыз қажет. Мұндай пікірді бүгін Сенаттағы Елбасының азаматтарды әлеуметтік қорғау бойынша берген тапсырмаларының орындалуы қаралған Үкімет сағатында сенатор Мұрат Бақтиярұлы білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Біздің еліміздегі кедейлердің саны қанша? Жалпы кедейшілікті өлшеу тетіктері қандай? Ең төменгі күнкөріс деңгейі қазіргі нарықтық жағдайға сай келе ме? Оны есептеу шарттары дұрыс па? Бұл - үлкен және ең негізгі мәселе. Көрші Ресей елі өзіндегі кедейлердің санын 18 млн деп анық көрсетіп, оны төмендетудің жолдарын жасап жатыр. Біз де кедейлеріміздің санын нақты анықтап алуымыз қажет", - деді М.Бақтиярұлы.
Сенатордың дерегінше, еліміздегі күнкөрістің ең төменгі деңгейі 2019 жылы 29 698 теңге болды. Ал Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін Ресейде 64 800 теңге, Беларусьта 38 400 теңге, Арменияда 43 300 теңге, Қырғызстанда 25 876 теңгені құрайды.
"Еліміздегі ең төменгі күнкөріс шегі күніне 990 теңге кіріс кіретіндер саналса, БҰҰ стандарты бойынша ең төменгі күнкөріс шегінің көлемі 5 доллар, яғни, 1875 теңге болып есептелінеді. Сондықтан Үкімет біріншіден ең төменгі күнкөріс шегі көлемін қазіргі шынайы тұрмысқа, өмір сапасына бейімдеп, оған жұмсалатын қаржы көздерін іздесе дейміз", - деді ол.
Сондай-ақ ол заматтық қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға көбейту бұл өте дер кезінде жасалып отырғанын атап өтті.
"Дегенмен лауазымдық жалақыны есептеу кезінде қолданылатын базалық лауазымдық жалақы деңгейі төмен қалып отыр. Мұндай жағдайда азаматтық қызметкерлердің көбісі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатыса алмайды. Жалпы, келешекте базалық лауазымдық жалақыны заңмен бекітілген айлық жалақының ең төменгі көлемімен алмастыру қарастырылса дейміз", - деді сенатор.