21 қаң, 2022 сағат 20:56

Үкімет елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін жедел шараларды іске асыруда


Президенттің Үкімет алдына қойған барлық тапсырмасы орындалатынды. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жақында орын алған оқиғалар аясында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін жедел шараларды іске асыруда. Біздің міндетіміз – зардап шеккен бизнес субъектілерінің жұмысын тез арада қалпына келтіру. Осыған байланысты, біз осы жұмысқа ірі бизнесті қатысуға шақырамыз», - деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы қазіргі кезде ағымдағы жоспарлар қайта қаралып жатқанын атап өтті.

«Сондай-ақ Президент тапсырмаларын ескере отырып, өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған қажетті шараларды қамтитын 2022 жылға арналған Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасы әзірленуде», - деді ол.

Әлихан Смайылов Президенттің Үкімет алдына қойған барлық тапсырмасы орындалатындығын да баса айтты. 

«Біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бизнеспен бірлесіп белсенді жұмыс жасаймыз», - деді Премьер-Министр.