15 ақп, 2022 сағат 11:58

Үкімет басшысы делдалдардың комиссиялары мен тарифтеріне қатысты мәселені шешуге 1 ай уақыт берді


Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов делдалдардың комиссиялары мен тарифтеріне қатысты мәселені шешуге 1 ай уақыт берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент шағын бизнес субъектілерінің мүдделерін қорғауға басымдық бере отырып, «Атамекен» палатасының жұмысын қайта қарауды тапсырды. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүріп жатыр. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бизнеспен арадағы жан-жақты және өзара тиімді байланысын Президент белгілеп берген форматта қамтамасыз ету керек», - деді Премьер-Министр. 

Сонымен қатар Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы түрлі монополист операторлар мен делдалдар алып отырған комиссиялар мен тарифтерге мұқият талдау жүргізіп, оларды қайта қарау немесе алып тастау бойынша шешімдер дайындауды тапсырғанын атап өтті.

«Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау агенттігімен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, бір ай мерзімде Үкіметке талдау қорытындысы мен осы мәселені шешу бойынша нақты ұсыныстар енгізсін», - деді Үкімет басшысы.