12 ақп, 2021 сағат 10:53

Үкімет басшысы дәрігерлер еңбекақысы қай деңгейде өсетінін айтты

Барлық өңірде 20 заманауи медициналық орталық салынады. Бұл туралы Мәжілісте «Nur Otan» партиясының сайлау алдындағы міндеттемелерін іске асыруға арналған талқылау кезінде Премьер-Министр Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жаңа сын-қатерді ескере отырып, отандық денсаулық сақтау саласын білікті кадрлармен, заманауи жабдықпен, диагностика әрі емдеу әдістерімен қамтамасыз ету бойынша нақты қадамдар жүзеге асырылады. Дәрігерлердің еңбекақысы 2023 жылы 2,5 есе, 561 мың теңгеге дейін өседі. Орта медициналық персоналдың жалақысы 210 мың теңгеге дейін артады», - деді А. Мамин. 

Оның айтуынша, барлық көздерден денсаулық сақтау саласын қаржыландыру ЖІӨ-ден 5 пайызға дейін көтеріледі. 

«2025 жылға дейін барлық өңірде 20 заманауи медициналық орталық салынады. 2022 жылы Нұр-Сұлтан мен Алматыда екі ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника іске қосылады», - деді Мамин.