22 қаң, 2024 сағат 22:29

Үкімет балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды қолдады - Зәкиева

Фото:instagram.com/zakiyevadinara

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Үкіметте Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасын таныстыру аяқталғанын хабарлады.

"Балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату, сондай-ақ отбасылар мен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құру жөніндегі барлық түзетулер Үкімет қорытындысында қолдау тапты. Бұдан әрі олар Мәжілісте талқыланатын болады.

Үкіметтің қорытындысы – заң жобасымен жұмыс істеудің маңызды және көп уақыт алатын бөліктерінің бірі. (Оң қорытынды шықпаса, іс жүзінде норма қабылданбайды).

Сондықтан кейінгі бірнеше ай бойы, демалыс күндерінде де ПА, Премьер-Министр Кеңсесі, Әділетмині, БП, ІІМ, Еңбекмині, ЕХӘҚМ-індегі әріптестеріммен норманы ұсынылған түрде қолдау және ол құқық қолдануда тиімді болуы үшін баптардың редакцияларымен жұмыс істедік" - деп жазды ол.

Зәкиеваның айтуынша, қыркүйекте AMANAT-тың Мәжілістегі фракциясында және БП-да таныстырған балалар қауіпсіздігі мәселелері бойынша енгізілген 40-тан астам түзету үкіметтен қолдау тапқан. Олар: 

• балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін татуласу мүмкіндігін алып тастау және жазаны қатаңдату: азаптау (баптың жаңа редакциясы), қатыгездік, денсаулыққа ауыр, орташа зиян келтіру, кәмелетке толмағанды ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру үшін; 

• зорлық-зомбылықты криминализациялау, яғни балаларға қатысты ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу (заң жобасы аясында ересектерге де қатысты); 

• бала зорлау үшін бас бостандығынан өмір бойына айыру; 

• балаға жыныстық сипатта тиісуге қатысты бап енгізу; 

• балаға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша тергеу әрекеттері кезінде қамауда ұстау; 

• балаларға қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялауды енгізу (МӘМ, лагерьлер);

• баланы автобустан мәжбүрлі түрде түсіріп тастау үшін; буллинг үшін жауапкершілік енгізу; 

Профилактикаға қатысты:

• отбасыларға, балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құру (Отбасын қолдау орталықтарын, Балаларды психологиялық қолдау орталықтарын ашу); 

• қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға көмек көрсетуді ұйымдастыру құзыретін бекіту; 

• агрессормен психологиялық жұмыс (ҚК-ке ерекше талаптар институтын енгізу аясында); 

• зорлық-зомбылыққа, буллингке ұшыраған балаларға көмек көрсету бағдарламаларын әзірлеу құзыретін енгізу.

"Заң жобасы, әсіресе әйелдер құқығын қамтамасыз етуге байланысты маңызды толықтырулармен бірге AMANAT фракциясының депутаттары Аймағамбетов А.Қ., Бейсенбаев Е.С. бастамалары аясында қазан айында Үкіметтің қорытындысына бағытталған еді.

Үкімет қорытындысы бойынша бірлескен жұмыс үшін Үкімет басшылығы, Бас прокуратура, ІІМ, мемлекеттік органдарға, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А.Е. Ластаев, Жанысова М.К., профессорлар И.Ш. Борчишвили мен М.Ш. Қоғамов, Жанна Ахметова, Анна мен Ольга Рыльдарға, сондай-ақ әр түзетуді тіпті демалыс күндері мен кейде түнгі уақытта да талқылап, күн сайын жұмыс істеген мемлекеттік органдардың қызметкерлері Фаина Ибрагимова, Бекболат Бірназаров, Жұлдыз Баймашева, Юлия Овечкина, Ринат Зулхаировқа алғыс айтамын" - деп түйіндеді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.