ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауы жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жыл басынан бастап, инфляция 4-6% дәліз шегінде сақталуда. Жылдық инфляция 5,4% деңгейінде қалыптасты, ал 2018 жылдың шілдесінде ол 5,9% құраған. Инфляцияның өсуіне ең көп әсер еткен - азық-түлік тауарлары. Олардың инфляция өсіміне қосқан салымы 3,4 проценттік тармақты құрады. Бұл тауарлар бағалар өсуінің шамамен 63% құрады», - деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, барлық өңірлерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы инфляциядан асады.
«Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарлары 9% ұлғайған. Ең жоғары өсу Нұр-Сұлтан (15,1%), Жезқазған (11,8%) және Талдықорған (10,4%) қалаларында байқалады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында сәбіз (2,4 есе), пияз (85,5%), картоп (82,4%), күріш (21,6%) және ұн (20,8%) қымбаттады», - деп өз сөзін жалғастырды Р. Дәленов.
Жалпы, республика бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары арасында пияз (79,0%), сәбіз (59,3%), картоп (32,9%), күріш (23,8%), бірінші сұрыпты ұн (15,3%) бағалары айтарлықтай өскен. Тауарлар бағасына талдау жүргізілгенде, тұтынушылар бағасының өндірушілердің немесе импорттық бағалардан едәуір жоғары екені анықталған.
«Мысалы, сәбізді өндіруші бағасы 67 теңге болса, нарықтағы сату бағасы 151 теңгені құрайды. Үстеме баға ретінде 84 теңге қосылған. Біз биыл инфляцияны берілген дәлізде ұстап қалу үшін 10 тауарды анықтадық. Бұл пияз, сәбіз, картоп, қызылша, күріш, ұн, жылқы еті, қой еті, сиыр еті және нан. Тауарлардың осы тобы бойынша күшейтілген бақылау жүргізу, сондай-ақ олардың бағаларын төмендету бойынша шаралар қабылдау ұсынылады» - деді Ұлттық экономика министрі.