© Pixabay / Jana Schneider
Полицейлер алдағы уақытта тергеу жүргізіп, істі тікелей сотқа жіберуге мүмкіндік алады. Бұл туралы ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, бүгінде тергеушілердің жүктемесі жоғары болып тұр. Соның салдарынан олар маңызды істерге ден қоя алмайды, істі сапалы түрде тергеуге мүмкіндік жоқ. Ал кейбір жағдайларда істің мән-жайы айқын. Ондай істермен енді учаскелік полицейлер айналысады.
"Қазір біздің жүктемеміз өте үлкен, себебі республика бойынша қозғалатын істердің 96 процентін ішкі істер органдары тергейді. Бұдан бөлек, әкімшілік құқық бұзушылықтар да аз емес. Сондықтан бізге қылмыстық процесті барынша оңтайландыру қажет", - деді Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Осыған орай, министрлік келесі жылдан бастап қиын емес істер бойынша полициялық тергеуге көшуді жоспарлап отыр.
"Сонда тергеушілерге көп салмақ түспейді. Олар өздеріне түскен қылмыстық істерді тиянақты әрі сапалы түрде тергей алады", - деп толықтырды Марат Ахметжанов.
Министрдің айтуынша, себебі анық әрі мән-жайы белгілі істерді учаскелік полицейлер тергейді. Сосын айыптау хаттамасымен тікелей сотқа жібереді.