29 мам, 2022 сағат 16:23

ҰБТ – 2022: талапкер дәрумен қаптамасын "шпаргалка" ретінде қолдануға тырысқан


"Ұлттық тестілеу орталығының" директоры Руслан Емелбаев ҰБТ-ға қатысушылар көшіріп жазу үшін қандай қулыққа баратыны туралы айтты. Бұл туралы ол желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Емелбаевтың айтуынша, ҰБТ-ны оңай тапсырғысы келетін талапкерлер көбіне ұялы телефон, жасырын камера, микроқұлаққаптар, қағаз шпаргалка қолданған.

"Биыл 18-ші рет өтіп жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы аптасында 22 талапкер тестілеуге кіргізу кезінде, ал 21 талапкер тестілеу барысында тыйым салынған заттарды қолдануға тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды", - деді орталық директоры.

Ол осы аптада болған кезекті бір қулық әрекет туралы айтты. Тест тапсырушы өзімен бірге кіргізген дәруменнің сыртына тест сұрақтарын жазып, аудиториядан шығаруға талпынған.

Алайда оның бұл әрекеті қырағы бақылаушылардың арқасында жүзеге аспай қалған.

Руслан Емелбаев тестілеудің барлық процесі толық назарда екенін атап өтті. Сондықтан тест тапсырмасын не олардың үзіндісін аудиториядан шығарамын деп үміттенбеген абзал.

"Еңбек әрқашан ақталады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге жақсылап дайындалып, тек өз біліміңізге сенсеңіз, сізді болашақ жарқын өміріңізде жақсы марапат күтетін болады. Себебі білім – ең маңызды аспап", - деп жазды "Ұлттық тестілеу орталығының" директоры.