02 қаз, 2023 сағат 11:30

ТЖМ құтқарушылардан министр үшін ақша жиналғанын жоққа шығарды

Фото: © Sputnik

Төтенше жағдайлар министрлігі Түркістан облысының құтқарушыларынан ведомство басшысына ақша жиналғанын жоққа шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Зуялхан Гасановтың Түркістан облысының құтқарушыларынан Төтенше жағдайлар министріне ақша жинау туралы мәлімдемесіне қатысты.

Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды және бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы кезекті арандатушылықты іске асыру болып табылады", - делінген хабарламада.

ТЖМ мәліметінше, бұған дейін Гасанов Зуялхан (2022 жылы) жала жапқаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тартылған.

"Айта кету керек, бұл азамат қазіргі уақытта азаматтық қорғау органдарының қызметкері емес, өйткені биыл мамырда теріс себептермен жұмыстан шығарылды. Ол бірнеше рет осындай мәселелерге қатысты ТЖМ-ге жүгінді, бірақ тексеру нәтижелері бойынша көрсеткен дәлелдері расталмады. Осыған қарамастан, өтініште айтылған әрбір факт бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, қызметтік тергеу жүргізіледі", - делінген хабарламада.

ТЖМ мәліметінше, ведомство өз қатарында сыбайлас жемқорлықты жою бойынша барлық қажетті шараны жүзеге асыратыны және анықталған әрбір факт бойынша шаралар қабылданып жатқанын айтты.

"ТЖМ-нің барлық жеке құрамына, атап айтқанда Түркістан облысының ТЖ департаментіне хабарлаймыз. Біздің министрліктің барлық қызметкерлері үшін WhatsApp мессенджерінде Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың тікелей телефон нөмірі + 7 747 651 75 88 жұмыс істейді, жедел және шұғыл шешімдерді қажет ететін проблемалық мәселелермен жүгінуге болады. Өтініштің құпиялылығы сақталады", - делінген ведомство хабарламасында.

"Бұл туралы маған ТЖМ майоры Зуялхан Гасанов айтты. Офицерлер құрамынан 50 мың теңге, қатардағылардан 20 мың теңге. Кез келген министр тағайындала салысымен барлық өңірлер белгіленеді ме?", – деп жазды журналист Ботагөз Омарова әлеуметтік желіде.