Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының өкілдері жұмыссыз қалуға байланысты төлемдерге қатысты мәселені түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Төтенше жағдайға байланысты жұмысынан айырылып қалғандарға берілетін 42 500 теңге туралы көптеген сұрақтар келіп жатыр. Карантин жағдайында жұмыскерлер үйде отырады, ал 42 500 теңге беру мәселесін жұмыс беруші шешеді. Жұмыс беруші өтініш жазып, қоластында жұмыс істейтіндердің тізімін береді. Олардың қанша уақыт бойы жұмыссыз отырғандары, аты-жөні, ЖСН және тағы да басқа қажетті ақпараттар да сол жерге жазылады», - дейді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметпен байланыс департаментінің директоры Гүлбағила Болатбекова онлай өткен брифингте.
Оның айтуынша, жұмыс берушіден келген құжатты алдымен жергілікті жұмыспен қамту орталығының жанынан құрылған штаб қарайды.
«Ел арасында бірыңғай жиынтық төлейтін тұлғалар бар. Мысалы, ол үйде жұмыс істеген немесе жеке тұлғаларға қызмет көрсеткен азамат болуы мүмкін. Өз жұмысын тоқтатқан таксистер, үй жинаушылар да бар. Жиынтық төлемді үш айдан кем төлемеген болса – олар да құжаттарын жинап, бізден 42 500 теңге төлем алуына болады.
Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік жүйесі енгізілгеннен бастап төленетін тағы бір төлем – жұмысынан айырылуына байланысты төленетін төлем. Бұл әлеуметтік төлем жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға беріледі. Егер сіз жұмысыңыздан қысқартылған бослаңыз немесе өз еркіңізбен жұмыстан шыққан болсаңыз – жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, анықтама алып, біздің қорға өтініш бере отырып жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алуға мүмкіндігіңіз бар. Бұл әлеуметтік төлемнің мөлшері – сіздің соңғы екі жылдағы орташа айлығыңыздың 40%-ы. Бұл төлем бір айдан алты айға дейін тағайындалады. Осы екі әлеуметтік төлемді шатастырмауларыңызды сұраймыз», - дейді ол.