17 мам, 2017 сағат 08:22

Тұжырымдама рухани жаңғырумен үндеседі

 Қазақстан жаңа тарихи кезеңге аяқ басты: қазір рухани жаңғырудың, ұлттық сананың жаңғыруының бағыт-бағдарын айқындап, Елбасымыз айтқандай, революциялық емес, эволюциялық дамитын кезең. Мемлекетіміздің жаңғыру кезеңінде мемлекет пен дін қатынасының қазақстандық үлгісін жасақтау – жаңа белестерге жол ашып, көпконфессиялы қоғамымыздың тұрақтылығын сақтаудағы маңызды қадам. Сондықтан ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұсынып отырған «Қазақстанның дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бүгінгі күні дін аясында орын алып жатқан көкейкесті мәселелердің шешімін табуға үлкен негіз болмақ.  

Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – дін саласын реттейтін заңнамалық және өзге де нормативтік-құқықтық актілер ережелерін жүзеге асыру, дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысатын мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстардың жетілдіру, Қазақстан халқының дәстүрлі рухани мәдениетін елімізде және шетелдерде әрі қарай ілгерілету, мемлекетіміздің рухани тірегі болған асыл дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау  және т.б..

Тұжырымдама негізінде діни экстремизм идеологиясының қоғамда, әсіресе жастар арасында таралуы, шетелде діни білім алу, миссионерлік қызметті реттеу, жасөспірімдерді заңсыз діни қызметке тарту және өзге де маңызды мәселелер кеңінен қарастырылған. Сондай-ақ, еліміздің тыныштығын бұзатын дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы қоғам иммунитетін қалыптастыру шаралары да жан-жақты қамтылған. Тұжырымдама мазмұны ағымдағы ахуалдың талдауы, діни ахуалдың дамуының негізгі үдерістері, дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың негізгі қағидалары мен басым бағыттары секілді мәселелерді қамтиды.

Тұжырымдаманы осы тарихи кезеңде қабылдаудың да өзіндік себептері де бар.  Бір ғана мысалға тоқталсақ, бүгінгі таңда қаншама қаракөз жастарымыз өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өз бойындағы ұлттық құндылықтарды аяқасты етіп жүр. Мысалы, діни білім алу мақсатымен шетел асқан жастарымыз дін атын жамылған жат ағымдардың идеологиясына арбалып, шетін көзқарас жетегінде кетіп жатқанына куә болып отырмыз. Сол себепті, тұжырымдама бойынша дін саласындағы мамандардың кадрлық әлеуеті, яғни азаматтарымыздың шетелдік діни оқу орындарында теологиялық білім алу тәртібі құқықтық реттеуді қажет ететіні назарға алынған. Қазіргі уақытта шетелдік оқу орнына ҚМДБ (Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы) рұқсатнамасы негізінде қабылдау туралы келісімдер жүргізіліп жатыр. Сондықтан алдағы тұжырымдама негізінде тиісті заңнамаға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар жастарымызды барынша сақтандырудың кепілі болатынына сенімдіміз.

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында: «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құн­ды­лықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» деп атап өткендей, тұжырымдама рухани құндылықтарды жаңғырту және халықтың ұлттық санасын ояту арқылы теріс пиғылды діни ағымдарға қарсы күресу мақсатын көздейді. Тұжырымдама дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың  құқықтық, әдістемелік, ұйымдастыру шараларын кешенді түрде қамтыған.

«Біз фанатизмге, діни консерватизм мен догмаларға көзсіз ілесуден алшақ болатын өз өмірімізді құрамыз. Қазақстан халқы бөтен мүдделерді насихаттайтын фанатик «кеңесшілерге» алаңдамай, мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың өзіндік қазақстандық моделін қалыптастыратындай толық құқыққа ие. Біздің өзіндік моделіміз бүгінгі күннің шынайылығын ескеруге және ұлттық дәстүрге негізделеді. Бұл модель дінді соқыр буквалистік тұрғыдан қабылдамауға, діни канондардағы оңды құндылықтарға, яғни қайырымды, өнегелі және бейбіт қатар өмір сүруге негізделуі қажет», - деп ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев қоғамның санасын жаңғырту саласындағы министрліктің басым бағыттарының бірі мемлекет пен дін арасындағы ынтымақтастықтың өзіндік моделін қалыптастыру екенін атап көрсеткен.

Мемлекет дамуының зайырлылық қағидаттарын сақтау мен насихаттаудың маңыздылығы, дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың негізгі қағидалары мен басым бағыттары тұжырымдамада айқын көрсетілген. Қазақстан – зайырлы мемлекет, ал зайырлылық – құқықтық ұстаным. Дін мен мемлекет қатынасының жаңа моделін қалыптастыру мемлекетіміздің зайырлылық үлгісін басты назарға алады. Себебі, зайырлылық ұстанымы жат ағымдардың  идеологиясымен күресудің басты қалқаны болмақ. Дін мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Сондықтан, дін – дұрыс түсінген адам үшін рухани кемелденуге жетелейтін, ал қате түсінген адам үшін қиындыққа бастайтын жолға айналуы мүмкін. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Біз кез келген қиындықты бейбітшілік, келісім және тұрақтылық негізінде жеңіп шығамыз. Дінаралық және ұлтаралық келісім – біздің басты байлығымыз» деген ойы әрбір Қазақстан азаматының күнделікті ұстанымына айналуы тиіс. Дiн мен мемлекеттiк мүдденің түйiсер жерi - елдiң тұтастығы және қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы.

Бұл тұжырымдама – мемлекетіміздің дін саласындағы саясатының даму бағытын айқындайтын құжат. Оның басты мақсаты әрбір Қазақстан азаматының рухани санасын жаңғырту, салт-дәстүр, мәдениетімізді көздің қарашығындай сақтай білу және тағылымы мол тарихымызды қастерлеу. Бұл консерватизм емес, керісінше, ұлттық кодымызды сақтай отырып, заман талабына сай икемделу, сан ғасырлар бойы сақталып келген рухани құндылықтарымызды жаңғырту. Қорыта айтқанда, осындай рухани жаңғыру кезеңінде ұсынылған дін саласындағы тұжырымдама болашақта жемісті де өнімді нәтижелер береді деп санеміз.

Ташмакова Тілеген Мұхтарқызы,

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының  ғылыми қызметкері

Ұлт порталы