ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов экономикада тұтынушылық тауарлардың импортын алмастыру үшін қандай қадамдар іске асырылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің тарапымыздан экономика бағамдық тәуекелдерден қорғалуы үшін не істей аламыз? Бұл тұрғыда ұлттық экономиканы дамытып, импортты алмастыруға екпін қойылуы тиіс. Бізде валюта бағамының ауытқуы кімдерге әсер етіп отыр? Бұл құбылмалылық негізінен тұтынушылық тауарларға ықпал етуде. Осы орайда азық-түлікке де қатысты. Бізде тұтынушылық тауарлардың елеулі импорты бар, оның ішінде Ресейден келеді», - деді Жақсылықов Мәжілісте тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Осы орайда ол Қазақстанның ішінде жеке өндірістің есебінен бұл өнімдерді нақты ұсыну бағытын дамыту керек екенін атап өтті.
«Бұл ретте бізде инфляцияға қарсы жоспар қабылданды. Сонымен қатар, халықтың табысын арттыру бағдарламасы даярланып жатыр. Осы екі бағдарлама аясында отандық өндірістерді субсидиялау мен отандық өнімді арттыру үшін тиісті шаралар қабылданады. Бірінші кезекте, ауыл шаруашылық субсидиялары арқылы азық-түлік өніміне екпін қойылмақ.
Өнім жеткілікті көлемде пайда болуы үшін басқа да ынталандыру іс-шаралары іске асырылады. Тауар ішкі нарықта жеткілікті көлемде болса, көршілес елдерден инфляция импортынан тиісті деңгейде қорғалғанымызды айта аламыз. Бұл жұмыстар басталды», - деді вице-министр.