18 нау, 2020 сағат 10:11

Тұтынушылардың құқықтарын қорғауда шағымдарды қабылдаудың бірыңғай жүйесі құрылады

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында шағымдарды қабылдаудың Бірыңғай ақпараттық жүйесін құрылады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасы қарау кезінде Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, заңнамалық өзгерістер «бір терезе» қағидаты бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында шағымдарды қабылдаудың Бірыңғай ақпараттық жүйесін құруды ескереді. 

«Бүгінгі күні мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өз рөлі мен міндеттерін әркелкі түсінуі орын алуда. Бұл шынайы статистиканы қалыптастыруға, осы саладағы жүйелі проблемаларды анықтауға және шешуге мүмкіндік бермейтіндігі анық. Барлық «тұтынушылар қорғаушыларын» аталған ақпараттық жүйеге шоғырландыру – шағымдарды беру рәсімдерін оңтайландырып, оларды қарау сапасының мониторингін жасауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, объективті статистиканы қалыптастыра отырып, аналитикалық есептілік жүйесін енгізуге мүмкіндік береді», - деді министр. 

Шағымдарды талдау нәтижелері Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңесте қаралатын болады. Ол проблемалық құқықтық актілерді дереу өзгертуге мүмкіндік береді және мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің тиімділігіне тиісті бақылауды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар Б. Сұлтанов тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы үкіметтік емес ұйымдарды қолдау бағытына тоқталды. 

«Атап айтқанда, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың қолданысы кеңейтіледі. Халықтың әлеуметтік осал топтарына құқықтарын қорғауға тегін өкілдік қызметтер көрсету үшін қоғамдық ұйымдарға мемлекеттік тапсырыс берілетін болады. Бұдан басқа, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне профилактикалық мақсатта қоғамдық бақылауды жүзеге асыру бойынша құзыреті беріледі. Оны өткізудің тәртібі мен негіздері регламенттелген», - деді ведомство басшысы. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.