12 қыр, 2024 сағат 13:07

Тұтас қоғам болып ғылымды жан-жақты насихаттауға күш салуға бет бұру керек

Фото: Pexels.com

Ғылымсыз өркендеу мүмкін емес. Оның ел дамуындағы маңызына Алматыдағы Мемлекет басшысының ғалымдармен кездесуінде тағы бір мәрте көз жеткіздік. Жасампаздық, жаңашылдық, білімпаздық және ғылымға құштарлық – нағыз озық елге керек басты қасиеттер.

Олай болса, бірінші кезекте тұтас қоғам болып ғылымды жан-жақты насихаттауға күш салуға бет бұру керек. Бұл бағытта аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Қазір «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Бұл құжат аталған саладағы жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуге мұрындық болады деген сенім мол.

Қазір мемлекет ғалымдар мен ғылым жолындағы мамандарды ынталандыру тетіктерін қарқынды жүзеге асырып келеді. Мысалы алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінеді. Ал былтыр 284 жас ғалым баспана алды. Биыл тағы 200 пәтер беріледі.

Мемлекет басшысы қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек дегенді бұл жолы да шегелеп айтты.

«Шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайды. Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет. Мамандарымыз әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті болуы керек. Бүгінде алпауыт елдердің арасында барлық салада бақталастық өршіп тұр. Біз осы күрделі кезеңде экономиканың жаңа үлгісіне көше бастадық. Әділ, инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономика құруға кірістік. Ғылым мен инновация оның басты тірегі болуға тиіс», — деді Мемлекет басшысы.


Расымен, көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Сол үшін барлық мүмкіндіктер бар. Елімізде ғылымға бөлінетін қаржы ұдайы артып келеді. Білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе артып отыр. Қазақстанда әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істейді. Бұған қоса, зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттер саны көбеюде. Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Бұған қоса, жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр. Мұның бәрі ғылымды дамыту үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар. Бұл туралы қаржы маманы Айбар Олжаев айтты.