20 там, 2020 сағат 12:48

Тұрмыстық зорлық-зомбылық: Карантин кезінде Дағдарыс орталығында орын қалмаған

Қазақстанда отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық азаймай отыр. Бұл туралы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы» директорының орынбасары Татьяна Мидо айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің орталыққа тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген жүздеген әйел жүгінеді. Біз оларды тұрғылықты мекенжайына қарамастан қабылдаймыз. Тіпті, тағдыры тәлкекке түскен шетелдік қыз-келіншектерге де қолдау көрсеттік. Мысалы, Алматыда уақытша тұрып жатқан Ресей, Молдова, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан әйелдеріне де қол ұшын создық», – дейді Татьяна Мидо.

Оның айтуынша, бұрын күйеуінен зорлық-зомбылық көрген әйелдер көбіне жұрттан ұялып, ол жайтты жасырып қалатын. Қазір жағдай өзгерді. Нәзік жандылар өздерін қорғайтын заңның, түрлі орталықтардың бар екенін түсінді. 

«Орталыққа жүгінетіндердің саны жыл санап артып келеді. Егер 2019 жылы орталық 310 әйел мен балаға көмек көрсетсе, 2020 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша бізге 217 әйел түсті. Біз карантин кезінде де штаттық режимде жұмыс істедік. Ол уақытта бізге 56 адам жүгінді. Бұл өте көп. Дағдарыс орталығында орын қалмады. Десекте, күйеуінен таяқ жеген 5-6 баласы бар әйелдерге барынша жағдай жасадық», – дейді директордың орынбасары.

Сонымен қатар, Т.Мидо карантин кезінде орталыққа түскен екі балалы ананың тағдыры туралы айтып берді.

«Елде төтенше жағдай жарияланған кезде, біздің орталыққа екі баласы бар әйел түсті. Ол балаларын Алматы қаласындағы перзентханада босанған. Алайда, оларға туу туралы куәлік берілмеген. Себебі, анасының жеке куәлігі болмаған. Кейін анықталғандай, осыдан 15 жыл бұрын кәмелеттік жасқа толмай тұрған кезінде Алматыға анасымен Өзбекстаннан қонаққа келген екен. Анасы оны жазғы демалыста туысқандарына қалдырып өзі еліне қайтып кеткен. Көп ұзамай анасы қайтыс болып кетеді. Сөйтіп ол біздің елде қалып қойған. 2005 жылдан бері бұл әйел Қазақстан аумағында ешқандай құжатсыз өмір сүріп келген. Ол Қазақстанның да, Өзбекстанның да азаматы емес. Біздің орталыққа түскеннен кейін балаларының және өзінің құжатын дайындауға көмектестік. Өздеріңіз білесіздер, бұл оңай шаруа емес. Алдағы уақытта да біз оған көмектесетін боламыз», – дейді ол.

Орталық мәліметтеріне сәйкес, мұнда 8 түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Әйелдерге заңгерлер мен психолог мамандарының кеңесі ұйымдастырылып, әлеуметтік қолдау көрсетіледі.