© AP Photo / Elifaysenurbay
Түркияның оңтүстік-шығысындағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Түркия Республикасындағы Елшілігіміздің ақпаратына сәйкес, Астана уақытымен сағат 15-00-дегі жағдай бойынша Түркияның оңтүстік-шығысындағы қуатты жер сілкінісінен кейін Қазақстан азаматтарынан өтініш түскен жоқ. Консул Түркияның төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасымен үнемі байланыста отыр. Қазіргі уақытта зардап шеккендер немесе қаза тапқандар тізімінде Қазақстан азаматтары жоқ", - деді Смадияров апта сайынғы брифингте.
Оның айтуынша, қирандылардың көп болуына байланысты құтқару жұмыстарының жалғасып жатқанын ескерген жөн.
Еске салсақ, дүйсенбіге қараған түні Түркияның оңтүстік-шығысы мен Сирияда жойқын жер сілкінісі болды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, екі елде қаза тапқандар саны 500-ге жуықтаған. Мыңдаған адам жарақат алды.