Сурет: Getty Images
Түркияда жер сілкінісі кезінде құлаған үйдің мердігері Мүслим Демирер 18 жыл бір жарым айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Anadolu басылымына сілтеме жасап.
Түркияда бір жыл бұрын болған жер сілкінісі кезінде қираған үйлерге байланысты сот процесі әлі де жалғасуда. Шанлыурфада бір үй құлап, 34 адам қаза тапқан еді. Ғимараттың құрылысына жауаптылардың үшеуі жер сілкінісіне дейін қаза болған.
Бастапқыда сот Мүслим Демирерді 21 жыл 9 айға бас бостандығынан айырды. Алайда Демирердің ұлы да зілзала кезінде үйі құлап, үйінді астында қалып қаза табуына байланысты мерзімі қысқарды.
Прокурорлар мен марқұмдар жағы соттан Демирерге ең жоғары жаза тағайындауды сұраған болатын.
Еске сала кетейік, 2023 жылы 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысы, зілзаланың ошағы Кахраманмарашта магнитудасы 7-ден асатын екі жер сілкінісі болды. Жүздеген дүмпулерге ұласқан жер сілкінісі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ Сирияда да сезілді.
Түркияда жер сілкінісі кезінде құлаған тұрғын үйлерге қатысты 269 адам қамауға алынды. Жер сілкінісінен келген материалдық шығын екі триллион түрік лирасын (105 миллиард доллардан астам) құрады.
Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 50 мыңнан асқан болатын.