Ыстамбұлда теракт жасады деп айыпталған күдікті Сирияның Кобани қаласында АҚШ әскерилері сабақ берген Күрдістан жұмысшы партиясының (КЖП) барлау мектебінде оқыған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі РИА Новостиге сілтеме жасап.
«Әлбашир жауап алу кезінде КЖП-ның сириялық бөлімшесімен байланысы бар екенін мойындады. Террорист өзінің Айн әл-Арабтағы (Кобани) КЖП барлау мектебінде оқығанын, Сириядағы америкалық сарбаздар да сабақ берген мекемеде оны арнайы барлау офицері ретінде дайындағанын мәлімдеді», - деп хабарлайды Түркияның Yeni Şafak басылымы.
Күдікті өзіне нұсқаулық беріп отырған Айн әл-Арабтағы КЖП/YPG/SDG ұйымы жетекшісінің сенімді адамымен байланыстары туралы да айтып берген. Тиісті нұсқауларды орындаған бойжеткен төрт ай бұрын Африн Адлиб арқылы Түркияға заңсыз кірген. Полиция анықтағандай, ол күдік тудырмас үшін ұйымның бір өкілімен ерлі-зайыптыларға ұқсап, Ыстамбұлда еркін жүрген.
Айта кетерлігі, Түркияда Күрдістанның жұмысшылар партиясына тыйым салынған.
Еске салсақ, жексенбі күні Ыстамбұл орталығындағы жаяу жүргіншілерге арналған Истиклал көшесінде жарылыс болып, 6 адам қаза тапқан болатын, сондай-ақ 81 адам жараланды. Лаңкестік іске күдікті Ахлам Әлбашир есімді бойжеткен ұсталып, КЖП-мен байланысы барын мойындады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, шабуыл жасау туралы бұйрық Сириямен шекаралас Кобани қаласынан түскен.
Тінту кезінде бойжеткеннен төлқұжат, ірі көлемдегі ақша, цифрлық құрылғылар мен теракт ұйымдастыру туралы материалдар табылды. Сондай-ақ 21 мекенжайда тінту жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік күштері барлығы 50 адамды қолға түсірген.
Олар Әлбаширді Грекияға жіберуге уәде бергенімен, полиция қолындағы ақпаратқа сәйкес, шабуылды ұйымдастырушылар қызды Ыстамбұлда өлтірмек болған.
Бір күн бұрын Түркияның ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу Анкараның лаңкестік оқиғаға байланысты Вашингтонның көңіл айтуын қабылдамайтынын айтып, шабуылдың қай жерде үйлестірілгенін білетінін және Түркияның «бұдан былай мұндай опасыз әрекеттерге еш төзбейтінін мәлімдеген болатын.