10 нау, 2022 сағат 16:10

Түркияда Ресей мен Украина сыртқы істер министрлері келіссөз жүргізді


Түркияның Анталья қаласында Ресей мен Украина сыртқы істер министрлері Сергей Лавров пен Дмитрий Кулеба келіссөз өткізді. Оған Түркия сыртқы істер министрі Мевлюта Чавушоглу де қатысты.

Бұл - соғыс басталғалы бері Мәскеу мен Киев арасында жүргізілген жоғары деңгейдегі алғашқы келіссөз.

Екі министр арасындағы әңгіме шамамен 90 минутқа созылды, осыдан кейін Кулеба мен Лавров БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.

Баспасөз жиыны кезінде Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба тараптар атысты тоқтату туралы келісімге келмегенін, Мариуполь тұрғындарына гуманитарлық дәліз ұйымдастыру мәселесі де шешілмегенін айтты.

"Украина Мариупольге дейін және Мариупольден гуманитарлық дәліз құруды, сондай-ақ бейбіт тұрғындардың гуманитарлық мәселелерін шешу үшін кем дегенде бір тәулікке атысты тоқтатуды ұсынды. Ресей тарапы бұған келіспеді. Мен келіссөздерді жалғастыруға дайынмын", - деді министр.

Кулеба егер Ресей мұны жасағысы келмесе, Украина соғысты тоқтата алмайтынын баса айтты.

Бұған дейін екі елдің арнайы делегациялары Беларусьте үш рет келіссөз үшін кездескен. Тараптар Украинаның кейбір қалаларында бейбіт тұрғындарға арнап "гуманитарлық дәліз ұйымдастыруға" келіскен.

Айта кетейік, Ресей әскері Украинаға 24 ақпанда басып кірген. Украина жеріндегі шайқастарда мыңдаған адамның оққа ұшып, жараланғаны туралы мәліметтер шығып жатыр.