Фото: SHOT телеграм-арнасынан
Түркияның танымал туристік курорты Кемерде орман өртке оранды. Қызыл жалын Гёйнюк ауылындағы қонақүйлерге жақындай бастаған. Бұл туралы ресейлік туристер Telegram-арналарда хабарлады, - деп жазады Tengri Travel порталы.
Өрт Антальядан бірнеше шақырым жерден де көрініп тұр. Қызыл жалын жел салдарынан тез тарап, бірнеше ауылдық округке жақындай бастаған. Орман массиві өртке оранып жатыр.
Mirada del mar қонақүйіне орналасқан туристің сөзінше, қызметкерлер өртке қатысты алаңдаушылық білдіріп те, қонақтарды эвакуациялап та жатқан жоқ. Эпицентрге жақын қонақүйлердегі жағдай қандай екені белгісіз. Туристік чаттардағы мәлімет бойынша, өрт шыққан жерге балалар лагері жақын орналасқан.
Түрік БАҚ-тарының мәліметінше, өрт бригадасы Антальяның үш ауданында және Маниса, Кахраманмараш провинцияларында өртті сөндіруге бар күштерін салып жатыр.
Ел президенті Режеп Тайып Ердоғанның сөзінше, өртті сөндіруге 24 ұшақ, 100 тікұшақ және 25 мың өртсөндіруші жұмылдырылған.