© Photo: NTV телеарнасының сайты
Түркияның Алания қаласында қазақстандық туристер мінген шағын автобус апатқа ұшырады. Салдарынан екі адам мерт болып, 12 адам жарақат алған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жергілікті БАҚ-тың хабарына қарағанда, оқиға Окурджалар кентінің маңында болған.
NTV арнасының мәліметінше, туристік көліктің жүргізушісі мен украиналық гид сол жерде қаза тапқан. Ал 12 турист Алания және Манавгат аудандарының ауруханаларына жеткізілген. Алты турист ауыр жарақат алған.
Жол апатына қатысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де мәлімет ұсынды.
«Бүгін таңертең Алания тасжолында микроавтобус пен жүк көлігі соқтығысып, жол-көлік апаты орын алды. Оқиға салдарынан зардап шеккендер бар. Алдын ала алынған мәліметке сәйкес, автобуста Қазақстан азаматтары болған. Оқиғаның барлық мән-жайы мен біздің азаматтарымыздың жағдайын анықтау үшін ҚР консулы аталған өңірге шұғыл түрде жолға шықты», - деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.