06 ақп, 2023 сағат 10:07

Түркияда 7 балдан асатын жер сілкінісі болды

Фото:aa.com.tr

Дүйсенбіде Түркияның оңтүстік-шығысындағы Газиантеп провинциясында 6,4-6,6 магнитудалы, кейін 7,4 магнитудалы қуатты жер сілкінісі болды. Бұл туралы Мемлекеттік төтенше жағдайлар басқармасы (AФАД) мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат сайты Анадолы порталына сілтеме жасап.

Агенттік мәліметінше, 6,4 және 6,6 магнитудалы екі жерасты дүмпуі Нурдагы ауданында, 6,6 магнитудалы жер сілкінісі Ислахие ауданында тіркелген. Зілзаладан ғимараттар қираған. АФАД мәліметінше, 7,4 баллдық жер сілкінісі Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында жергілікті уақыт бойынша 04:17-де 7 км тереңдікте болған. Содан кейін жер сілкінісі әр түрлі аймақтарда - Адана, Анкара, Анталья, Газиантеп, Кайсери, Мерсин, Трабзон, Урфада сезілген.

Түркияның ТRT мемлекеттік телеарнасы тікелей эфирде Түркияның оңтүстік-шығысында орналасқан провинциялардың кадрларын көрсетті. Онда тұрғындар суыққа қарамастан, зілзала қайталануынан қорқып, үйлерін тастап кетіп жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, Шанлыурфа провинциясында кем дегенде 16 үй қираған.

Түркиядағы жер сілкінісінен кейін дабылдың ең жоғары деңгейі жарияланды.

«Елде дабылдың ең жоғары деңгейі жарияланды. Біз Төтенше жағдайлар басқармасымен бірге өңірге құтқарушылар жібердік», - деді елдің Ішкі істер министрлігі.

Зілзалада зардап шеккен аудандарға гуманитарлық көмектер артылған жүк ұшақтары да ұшырылмақ, халықаралық көмек те қарастырылады.

АҚШ Геологиялық қызметі 7,8 балдық жер сілкінісінің 6 ақпанда жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Газиантеп маңында 17,9 шақырым тереңдікте болғанын хабарлады. Ал түрік сейсмологтары жер сілкінісінің күшін 7,4 балл деп бағалады.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Twitter парақшасында жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарға дереу іздеу-құтқару топтары жіберілгенін жазды.