07 ақп, 2023 сағат 02:11

Түркияда 12 ақпанға дейін Жалпыұлттық аза тұту жарияланды


Фото: Anas Alkharboutli/picture alliance via Getty Images

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елдің оңтүстік-шығысындағы жер сілкінісінен мыңдаған адамның қаза табуына байланысты ұлттық аза тұту туралы жариялады. Ол 12 ақпанға дейін жалғасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy порталы.

«Елімізде болған жер сілкіністеріне байланысты жеті күндік ұлттық аза тұту жарияланды. Біздің жалауларымыз мемлекеттің барлық аумағында және шетелдік өкілдіктерде 12 ақпанда күн батқанға дейін түсіріледі», - делінген құжатта.

Қазір Түркияда болған жер сілкінісінен 1651 адамның қаза тапқаны ресми түрде расталды. Тағы 11,1 мың азамат зардап шекті. Сонымен қатар 3471 ғимарат қираған.

Сейсмологтар 7,7 баллдық жер сілкінісін 6 ақпанда жергілікті уақыт бойынша 04:17-де Сирия шекарасына жақын орналасқан Түркияның Газиантеп қаласының маңында 17,9 км тереңдікте тіркеді. Төтенше жағдай қызметтері жоғары дайындық режиміне ауыстырылды.

Кейінірек Түркияның орталық бөлігінде 7,7 баллдық жер сілкінісі болды. Жер асты дүмпулері Диярбакыр, Шанлыурф, Анкара және Аданада сезілген.