Фото: iStock.com / 9parusnikov
Түркия Ұлттық білім министрлігі мектептер мен ЖОО бағдарламаларына "Түркістан" атауын енгізіп, оны "Орталық Азия" ұғымының орнына қолдануға шешім қабылдады. Министр Юсуф Текиннің айтуынша, бұл қадам тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және түркі әлемінің бірлігін нығайту мақсатында жасалған, деп хабарлайды Ult.kz.
Министрлік бұл өзгерісті отаршылдық кезеңінен қалған жат географиялық атауларды алып тастау саясаты аясында жүзеге асырмақ. Текиннің сөзінше, оқу бағдарламалары Түркияның төл тарихи лексикасына негізделуі тиіс, ал "Түркістан" атауы түркі әлемінің тарихи-мәдени ауқымын дәл бейнелейді.
Turkish Minute дерегіне сүйенсек, "Түркістан" бұрын тек Қазақстандағы қала емес, түркітілдес халықтар мекендеген Ұлы дала мен Тұран аймағының тарихи атауы болған. Термин Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Шыңжаңдағы ұйғырларға қатысты қолданылады.
Анкара бұл қадамды Түркияны түркітілдес елдердің мәдени орталығы ретінде күшейту стратегиясымен байланыстырады. Сонымен бірге, ортақ түркі әліпбиінде кітап шығару жұмыстары да басталғаны хабарланды.
Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі Түркі әлемі 300 миллионнан астам адамды қамтиды және 4,5 млн шаршы шақырымдық аумақты алып жатыр. Қазақстандық тарихшылар да өңірдің тарихи атауының "Түркістан" болғанын, "Орталық Азия" терминінің Еуропа ғалымдары енгізген кейінгі ұғым екенін атап өтеді.
