20 нау, 2020 сағат 08:35

Түркістандық отбасына «үй-ішімен коронавирус жұқтырған» деп жала жапты

Түркістан қаласының полиция департаментіне жергілікті тұрғын арызданды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Белгісіз біреулер WhatsApp мессенджері арқылы оның отбасымен коронавирус жұқтырғаны туралы жалған ақпарат таратып жіберген. 

Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. 

Тексеру кезінде жәбірленуші отбасымен бірге Еуропада саяхат жасағанын хабарлады. Алматы қаласына келген соң әйел мен оның отбасын дәрігерлер толық тексеруден өткізіп, қарап шығып, карантинге жатқызуға еш негіз болмаған. 

Үйіне келгеннен кейін Түркістан қалалық емхана мен СЭС қызметкерлері бұл отбасымен байланыс орнатып, тексереді, бірақ күні бүгінге дейін аурудың белгілері және басқа да ауру түрлері анықталмаған. Қазіргі уақытта жәбірленуші мен оның отбасы мүшелері бақылаудан алынды. 

Жедел-іздестіру барысында полиция қызметкерлері жалған ақпарат таратушы Түркістан қаласының тұрғындарын, яғни үш күдіктіні анықтап, ұстады. Күдіктілер өз әрекетін толық мойындап, өкінетінін жеткізді. Олар бұл хабарды туыстары мен жақындарына ескерту үшін таратқанын түсіндірді. 

Осы жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер істің толық мән-жайын анықтауды бастады.