19 қыр, 2022 сағат 19:21

Түркістан облысының ардагерлер спортшылары республикалық спартакиаданың жеңімпазы атанды


Елімізде ардагерлер арасында бұқаралық спортты жаңғырту күн тәртібінен түскен емес. «Қарттары бар ел – қазыналы». Бұл ретте, республикамыз бойынша Орал қаласында 15-18 қыркүйек аралығында ардагерлер арасындағы спартакиада жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қоғамдық өміріміздің дамуына мол үлесін қосқан спортшы-ардагерлер арасында тартысты өткен бұл жарыс дәстүрлі түрде өтеді.

Жарыс барысында ардагерлердің арасында кеңінен дамыған ұлттық спортымыздың көшін бастаған қазақ күресі, волейбол, шағын футбол, шахмат, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, үстел теннисінен бақ сынасты.

Аса тартысты өткен республикалық сайысқа Шымкент қаласы мен Ақмола, Түркістан, Атырау, Жетісу, Қостанай, Қызылорда облыстары мен Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан өңірлерінен командалар қатысып, күш сынасты.

«Түркістандық балуандар қазақ күресінен еліміз бойынша өткен республикалық жарыста мықтылықтарын көрсетіп, боз кілемде қарсыластарын тізе бүктірді. Қазақ күресінен бас жүлдені иеленген жерлестеріміз алтын медаль иеленіп, туған елге олжалы оралды», делінген Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз хабарламасында.

Айталық, Түркістан облысының талантты ардагер балуаны 74 келідегі Құрманғазы Бейсенов спартакиданың жеңімпазы атанды. 50 жастан асқан спортшы ардегерлеріміз де барлық спорт түрлерінен шеберліктерін көрсетті. Бұдан өзге спорт түрлері бойынша түркістандықтар волейболдан 3 орын, тоғызқұмалақтан 3 орын, үстел теннисінен 3 орын, шағын футболдан 5 орын және шахматтан 5 орын иеленіп, республикалық додада жақсы нәтиже көрсетті.

Сонымен, спартакиаданың қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте 122 ұпай жинаған Түркістан облысының командасы бас жүлдені жеңіп алды. Ал, 121 ұпай санымен Атырау облысының құрамасы күміс жүлде, Батыс Қазақстан облысының келген ардагерлер құрамасы 116 ұпай жинап, қола жүлдегер атанды.

«Осылайша, бірлігі мен татулығы жарасқан Түркістан облысының ардегер-спортшылары Орал қаласынан толағай табыспен туған елге оралды», делінген хабарламада.