Фото: facebook.com
Түркістан облысындағы мектептердің бірінде мұғалім басшылық тарапынан қысымға ұшырап, өз-өзіне қол салған. Өз тарапына айтылған анайы сөзді көтере алмаған жас маман ашу үстінде сірке суын ішіп қойған, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Сарыағаш ауданына қарасты мектептердің бірінде мұғалім директор орынбасарының сөзінен кейін өз-өзіне қол жұмсаған. Бұған дейін де түрлі себеппен «тиісіп келген» орынбасардың үстінен бойжеткен өткен жылдың қыркүйек айында құқық қорғау органдарына арызданған екен. Сөзінше, лауазымы жоғары әріптесіне шындықты айтқаны жақпай қалған.
«Мен арызданғаннан кейін ұжым алдында жиналыс жасап, мені балағаттап, ар-намысыма тиетін сөздер айтты. Ол сөздерді ашық айтатын болсам, мен ол сөздерді айтуға да қиналамын, бірақ ашық айтар болсам, мені сол жерде «жезөкше» деп айтты. Өте қатты төмен санадым өзімді. Сондай сөзге лайықытымын ба деп, неге үнемі ар-намысыма тиеді дедім. 6 жылдан бері сол нәрсені көріп келе жатырмын. Қатты ызам келді. Ойыма сол кезде уксустан басқа ешнәрсе келген жоқ. Соны ішіп, бірнәрсеге жетем деп ойлаған жоқпын, бірақ қатты ашуда қатты ызада тұрдым. Сол себепті іштім. Өлгім келді», – дейді жәбірленуші.
Ал аудандық ауруханадағылар жәбірленушінің қазіргі жағдайы қанағаттанарлық екенін айтады.
«Ауыз қуысы химиялық жеңіл күйігінен кейінгі жағдай. Қаназдықтың орташа дәрежесі диагнозымен жатқызылды. Ем протокол бойынша тағайындалды. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық», – дейді Сарыағаш аудандық ауруханасы терапия бөлімінің меңгерушісі Құралай Әбілмаженова.
Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде орын алған бұл оқиға ҚР ҚК-нің 105-бабы 1-бөлігі, яғни «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша тіркелген.
«20 қаңтарда Сарыағаш АПБ-ға орталық ауруханадан жергілікті тұрғынның сірке суына уланып түскені туралы хабарлама келді. Полиция қызметкерлері бірден оқиға орнына шықты. Анықталғандай, жәбірленуші аудан мектептерінің бірінде қызмет істейді. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 105-бабы 1 бөлігі «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша тіркелді. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіледі және болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталады» - деді Түркістан облысы полция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сараптамасы тағайындалып, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.