13 қар, 2020 сағат 14:53

Түркістан облысында Indigo-24 Evolution қаржы пирамидасының 12 өкілі ұсталды

Түркістан облысында тұрғындарды 1,5 миллиардқа жуық теңгеге шығындандырған «Indigo-24 Evolution» қаржы пирамидасынының 12 ұйымдастырушысы ұсталып, қамауға алынды. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, биылғы жазда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Жетісай қаласындағы «Indigo-24 Evolution» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқан болатын. 

Бұл жайт ҚР ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігі (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) бойынша тіркелді. Бір ай өткеннен соң жәбірленушілер саны 300-ден асты.

Осыдан соң полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар басқа да күдіктілерді ұстау үшін, қажетті шараларды қолға алды. Күдіктілердің түр-тұлғасын анықтап, іздеріне түсті. Жетісай аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласынан қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен Жетісай ауданының тұрғыны, қаржы пирамидасының директоры жеткізілді. Сондай-ақ оның екі сыбайласы, Мақтаарал ауданының тұрғындары да ұсталды. 

Тергеу барысында кеңсеге тінту жүргізіліп, құжаттар, жабдықтар, компьютерлер және басқа да айғақты заттар тәркіленді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде алғашында 5 күдікті, кейіннен 7 күдікті ұсталды. Олар Жетісай, Шардара, Мақтаарал, Сарыағаш аудандары тұрғындарының көпшілігін алдап, алған ақшаларын қайтармаған. 

Бүгінгі таңда Түркістан облысы Полиция департаментінің білікті деген тергеушілерінен тергеу тобы құрылып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. 

Түркістан облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрмахан Жалғасовтың айтуынша, «Indigo-24 Evolution» қаржы пирамидасының негізі 2015 жылы Алматы қаласында қаланған. 

Оның ұйымдастырушысы ретінде туыс күдіктілер ұсталды. Олардың Түркістан облысында бірнеше тұрғынды директор ретінде тағайындап, облыс тұрғындарынан 1 миллион теңгеден ақшаларын алып, еселеп қайтарамыз деген құрғақ уәдемен өз алаяқтық әрекеттерін іске асырған. Бүгінгі таңда жәбірленушілер саны 1500-ден асты. Олардың барлығының арыздары заңды түрде тіркелген. Ұсталған 12 күдікті де соттың санкциясымен қамауға алынды. Бүгінгі таңға дейінгі белгілі болған шығын көлемі 1 миллиардтан астам теңгені құрайды. Сонымен қатар арызданушылар мен күдіктілер саны артуы, соған сәйкес шығын көлемі де өсуі мүмкін», - дейді полковник Н.Жалғасов.

«Белгілі болғанындай, салымшылардың басым бөлігі күдіктілердің сөзіне сеніп, алданып, салымды несие арқылы салғандар. Қазіргі уақытқа дейін анықталған салымшылар салған қаржы көлемі 1 миллион теңгеден 10 миллион теңгеге дейін жетеді»,-делінген Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.