10 сәу, 2023 сағат 14:34

Түркістан облысында 6-сынып оқушысы өзінен кіші баланы зорлаған

Көрнекі сурет: elements.envato.com

Түркістан облысының Төле би ауданында 6-шы сынып оқушысы 5-ші сынып оқушысын зорлады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жәбір көрген баланың анасы "Немолчи" қорынан көмек сұраған. Ол мектепте жұмыс істеген. Айтуынша, мектеп әкімшілігі жәбірленушінің анасына келіп, шулатпауын сұраған. Мұндай әділетсіздікке шыдамаған отбасы ауылдан көшіп кеткен.

"Жәбір көрген оқушының анасы сараптама қорытындысы бұрмалана ма деп қауіптенеді. Өйткені зорлық жасаған оқушының туған ағасы Түркістан облысында беделді дәрігерлердің бірі көрінеді", - дейді қор басшысы Дина Таңсәрі.

Ал облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл мәселе тікелей басшылық назарында.

"29 наурызда Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, ауданның кәмелетке толмаған тұрғыны ұлына қатысты жыныстық сипаттағы іс-әрекеттер жасағанын хабарлады. Бұл факт ҚР ҚК 121-бабы 3-1-бөлігі – "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бойынша тіркелді", - деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келіп, барлық қажетті іс-шараларды өткізген. Бірқатар тиісті сараптама тағайындалды, олардың нәтижесі бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады.

"Бұл мәселе Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында", - деп түйіндеді ведомство.