26 ақп, 2021 сағат 21:05

153 қандас тарихи Отанына оралды

Маңғыстауға Түркіменстан Республикасынан 153 қандас келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратованың мәліметінше, былтыр әлемдегі пандемияға байланысты елімізде көшіп-қонушылар ағыны кейінге қалған. 

Содан бері шетелдік қандастарымыз ел аумағына кіргізілген жоқ. 

Үкіметтің қолдауымен бүгін барлық санитарлық талаптар сақтала отырып, Қазақстанға көшіп келуге өтініш тастаған қандастарымыз өз еркімен тарихи Отанына қоныс аударды. 

«Оларды Қазақстан - Түркіменстан шекарасындағы «Болашақ» стансасында Қарақия ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен Қарақия орталық аудандық ауруханасының медбикелері қарсы алды. Қоныс аударушылардың ПТР тест сынамасының нәтижесі мен тиісті құжаттары тексеріліп, пойызға отырғызылды. Осы орайда алыстан ат терлетіп келген буырлас ағайынды діттеген жерге еш қиындықсыз жеткізіп салуға қол ұшын берген «Қазақстан темір жолы» «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на алғыс айтамыз», - дейді Гүлмира Қалмұратова. 

Бауырлас ағайындар мінген пойыз Жаңаөзен станциясына, одан кейін Маңғыстау станциясына келеді. 

Оларды Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданы әкімдігінің қызметкерлері күтіп алып, бірқатарын туыстарының үйіне жайғастырады. 

Ал бір бөлігін өзге облыстарға шығарып салады. 

Атап айтсақ: 

Ақтау қаласы - 42 адам

Мұнайлы ауданы - 58 адам

Түпқараған ауданы - 11 адам

Жаңаөзен қаласы - 18 адам

Жамбыл облысы - 9 адам

Алматы қаласы - 11 адам

Ақтобе облысы - 1 адам

Шымкент қаласы - 2 адам.