01 ақп, 2022 сағат 11:38

Тұрғын үй жалдау субсидиясының бір бөлігі жергілікті бюджеттен төленеді


Тұрғын үй жалдау субсидиясына мұқтаж адамдарды қолдау үшін жылына бюджеттен 50 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ. Бұл соманың 10 млрд теңгесін жергілікті бюджеттер бөлуі керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев осындай мәлімет айтты. 

«Жыл сайын республикалық бюджеттен шығындар – 40 млрд теңгені және жергілікті бюджеттер үшін – 10 млрд теңгені құрайды», - деді ол.

Министрдің мәліметі бойынша, тұрғын үй төлемдері бағдарламасын толық іске қосу мамыр айына жоспарланған.

«Жоғарыда көрсетілген тәсілдер мақұлданған жағдайда, министрлік өз бұйрығын ертең бекітуге дайын», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Айта кетейік, министрдің мәліметі бойынша, баспана жалдау ақысының 50 пайызын мемлекет төлейді.

Жалдау ақысы мынадай тәртіппен субсидияланбақ: - 50% мемлекеттік субсидиялар есебінен жабылады; - қалған 50 % алушы өз бетінше төлейді. «70 мың азаматқа қолдау көрсету үшін 50 млрд теңге қажет, бұл ретте көрсетілген қаражат жыл сайын кезекте тұрған адамдар санына байланысты өзгеруі мүмкін», - деді ведомство басшысы.