Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мобильді топтары баяу жұмыс жүргізіп жатқан өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Атап айтқанда, «қызыл» аймақта орналасқан Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстарындағы мобильді топтардың жұмысы әлсіз. Олар 2 немесе 5 заңбұзушылыққа дейін анықтауда. Ал Нұр-Сұлтандағы мобильді топтар бір күнде ғана 77 заңбұзушылықты анықтаған. Ал Алматы қаласы мен Алматы облысында соңғы 18 күнде бірде-бір заңбұзушылықтың анықталғаны хабарланбады», - деді Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысында жасаған баяндамасында.
Министр осыған байланысты өңірлердегі тұрғындар карантин шараларын елемей кеткенін айтады. Нақтырақ айтқанда азаматтар маска режимін сақтамай, бұқара көп баратын орындарда жиналатын болған.
«Оның үстіне халық арасында вирустың қаупі жоқтығы туралы немесе вакцинаның әлсіздігі турасында жалған ақпарат көп тарап кетті. Осының бәрі де мемлекеттік органдардың індетпен күресте салған күш-жігерін жоққа шығарады», - дейді ол.