Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Келісімге 2019 жылғы 27 қарашада Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте қол қойылды.
«Бұл құжат азаматтық туралы ақпарат алмасуға, заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді. Нақты айтсақ, статистика мен ақпарат алмасуға мүмкіндік бар. Азаматтар туралы жеке ақпарат алуға болады. Екі ел үкіметтері тәжірибе алмасып, бір-біріне тәжірибелік көмек көрсетеді. Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарының құқықтық мәртебесі анықталады. Көші-қон саласындағы қылмыстармен күресіп, заңсыз арналарды жоюға мүмкіндік береді», - деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Оның айтуынша, Қырғызстан Парламенті келісімді 2021 жылы 17 ақпанда бекітті. Өткен жылы Қазақстанға Қырғызстаннан 281 мыңнан астам адам келді, ал осы жылы екі айда 22 мыңнан асты. Қазақстаннан 175 мың азамат көрші елге барған, сондай-ақ биыл екі айда 20 мыңнан асты.
«Қазіргі кезде Ішкі істер министрлігі көші-қон бойынша 23 халықаралық келісімді бекітті. Халықаралық деңгейде тағы да 8 келісім дайындалып жатыр. Осы құжаттар нәтижесінде заңсыз көші-қон бойынша ақпарат алмасу жолға қойылды. Адамдарды басқа елдерге қайтару мәселесі шешілді. Шетелдіктердің Қазақстан болу мерзімі анықталады. Қос азаматтыққа жол бермеу мәселелері шешілді», - деді министр.