16 қыр, 2020 сағат 15:11

Тұмауға қарсы вакциналау коронавирусқа қатысты жағдайды жеңілдетеді - Жазира Ембердиева

Тұмауға қарсы вакциналау коронавирус инфекциясына қатысты ахуалды жеңілдетеді. Ұлттық денсаулық сақтау орталығының қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының жетекшісі Жазира Ембердиева осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Күзгі әрі қысқы мерзімде біздің климаттық аумақта үнемі ЖРВИ мен тұмауға шалдығу деңгейі жоғарылайды. Жыл сайын Қазақстанда 500 мыңнан 1 миллионға дейін ЖРВИ жағдайы тіркеледі, оның ішінде ЖРВИ-мен ауырғандардың басым бөлігін 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Қазіргі эпидемиялық маусым COVID-19 бойынша эпидемиологиялық ахуалға байланысты алаңдатып отыр. Бұл тұрғыда тұмауға қарсы екпе салдыруға кеңес береміз. Коронавирус инфекциясы індетіне байланысты биыл екпе салу науқаны екі апта бұрын басталды, яғни 2020 жылғы 15 қаңтардан іске асырылды. Ол үшін өңірлерде 5 мыңнан астам пункт ұйымдастырылды. ЖРВИ мен тұмаудың эпидемиялық маусымы қазан айынан бастап мамыр айына дейін жалғасады», - дейді Ж. Ембердиева. 

Оның айтуынша, алдағы эпидемиологиялық кезеңдегі Қазақстандағы тұмау үш штаммен белгіленіп отыр. Бұл ретте A (H1N1), A (H3N2), сондай-ақ B штамы қамтылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауы бойынша бұлар үшвалентті вакцина құрамына енгізілді. 

Мұнымен қоса ол тұмауға қарсы вакциналаудан бөлек ЖРВИ мен тұмаудың алдын алуға арналған тиісті шаралар бар екенін еске салды. Бұл тұрғыда адамдар көп жиналатын жерлерде көп жүрмеу, жабық ғимараттар мен қоғамдық орындарда маска тағу, респираторлық тәртіпті сақтау, ауру белгілері бар адамдармен қарым-қатынасты шектеу, қолды жиі жуып отыру, ғимарат ішін жиі желдету секілді қарапайым шараларды орындау керек. 

«Әр адам тиісті нұсқауларды орындай отырып, иммунитетін көтере алады. Осы орайда С дәрумені бар өнімдерді көбірек алу керек, яғни мүкжидек, итмұрын, қарақат, лимон және басқа да жемістер бар. Дәрігердің келісімі бойынша иммунитет көтеретін препараттарды қабылдау керек, дәрумендермен. Сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстанып, дене шынықтырумен, таза ауада жүгірумен шұғылданған жөн. Күнделікті ақуызы бар тағамдарға, көкөністер мен жеміс-жидекке ерекше мән беру керек. Қант көлемі жоғары газдалған сусындардан тартыну қажет», - деді маман. 

Орталық жетекшісінің сөзіне қарағанда, тұмауға қарсы вакциналау коронавирус инфекциясы жеңіл формада өтуіне, яғни ауруды асқындырмауға ықпал етеді. 

«Тұмауға қарсы маусымдық вакцина 50 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Екпені миллиондаған адам алады, оның қауіпсіз екені уақытпен тексерілген. Жыл сайын дәрілік заттарды реттеу бойынша мемлекеттік әрі ұлттық органдар жаңа вакцинаны тыңғылықты зерттейді. Тек осыдан кейін лицензия беріледі. Сонымен қатар, барлық елдерде тұмауға қарсы иммундаудан кейін кері әсер болған жағдайларды бақылау мен зерттеу жүйелері қызмет етеді», - деді Ж. Ембердиева. 

COVID-19-ға қарсы вакциналауға тоқталған ол, аталған вакцина әзірге дайын еместігін, сондай-ақ әлемнің бірқатар елінде ғылыми зерттеулер жүріп жатқанын еске салды. 

«Екіншіден, тәжірибе көрсеткендей, коронавирус инфекциясының алдын алудың ұтымды шарасы ретінде әлеуметтік арақашықтықты сақтау, қоғамдық орындарда маска тағу, қолды жиі жуып отыру маңызды. Сонымен қатар, COVID-19 індеті 80 пайыз жағдайда симптомсыз формада өтуі мүмкін екенін білеміз», - деді Жазира Ембердиева.