30 нау, 2021 сағат 17:26

Қазақстанда ақылы вакцинация жоқ - министр

Қазақстанда коронавирусқа қарсы ақылы вакциналау рұқсат етілмеген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі кезде тек мемлекеттік айналымда пайдаланылатын вакцина ретінде Қазақстанға ресми жеткізілген және өндірілген екпе қамтылған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысқан жеке клиникалар Қормен келісімшартқа отырған. Осы орайда олар екпе алуға жататын адамдарға ақысыз негізде вакцина салады», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Сонымен қатар Цой ел аумағында вакцинаның сатылуы жағдайы анықталғанда міндетті түрде хабарлауға шақырды. 

«Себебі қазіргі уақытта Қазақстанда вакцинаны ресми сату рұқсат етілмеген», - деді ведомство басшысы. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Алексей Цой соңғы 2 аптада Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Алматы облыстарында науқас саны артып, жалпы КВИ жұқтырғандар 1,5 есе өскенін айтты. 

«Халық арасында вирустың қауіптілігіне сенбейтін адамдар бар, олар үйлену тойларын, банкеттерді жеке үйлер мен коттедждерде өткізуді жалғастырып келеді», - деді министр.