30 нау, 2021 сағат 16:45

Цой қанша адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырғанын айтты

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой КВИ-ге қарсы вакцинаны елде қанша адам салдырғанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация жалғасуда. Бүгінде бірінші компонент 131 170 адамға егілді. 22 ақпаннан бастап екінші компонентті егу басталды, 32 482 адам егілді, жағымсыз реакция тіркелген жоқ», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның айтуынша, өңірлерге КВИ-ге қарсы вакцинаның 150 мың дозасы жеткізіліп жатыр. 

«Бұдан басқа, сәуірде түрлі өндірушілерден қосымша 2,5 млн доза вакцина жеткізу жоспарланып отыр. Вакцинаның бұл көлемі КВИ-ге қарсы вакцинациялауға жататын контингентті және вакцина салдырғысы келетін адамдарға екпенің қолжетімділігін барынша кеңейтуге мүмкіндік береді», - деді Цой. 

Халықты КВИ-ге қарсы профилактикалық егулермен қамтуды ұлғайту мақсатында «Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирус инфекциясы ауруларының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі жүргізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 27 қаңтардағы № 3 қаулысына бірқатар өзгерістер енгізілді. 

Осылайша, КВИ-ге қарсы вакцинациялауға жататын контингентті және оларды вакцинациялаудың басымдылығын халықтың түрлі топтарының эпидемиологиялық маңыздылығын ескере отырып, КВИ ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдайға және КВИ-ге қарсы вакциналар көлемінің жеткізілуіне байланысты жергілікті атқарушы органдармен келісім бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері қайта қарауы мүмкін. 

«Вакциналау вирустың таралуын азайтудың жалғыз жолы екенін еске саламыз. Осыған байланысты қарсы көрсеткіштер болмаса, қазақстандықтарды екпе салдыруға шақырамын», - деді министр.