Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Цифрлық үкімет офисінде қандай мәліметтер базасы интеграцияланатынын түсіндірді. Бұл туралы ол Фэйсбуктағы парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Цифрлық үкімет офисіндегі Ситуациялық орталық барлық ақпараттық базаның дерегін оқи алады және аймақтардың бәрімен етене жұмыс істеп, жағдайды назарда ұстайды. Нәтижесінде шынайы ақпаратқа жол ашылып, қағаздағы және excel түріндегі есептер жойылады. Кейде күдікті есептер мен дәлелсіз деректердің болатыны жасырын емес. Мәселен, биыл вакциналау бойынша осындай жағдай болды. Кейбір ірі кәсіпорындар мен әкімдіктердің есебіндегі көрсеткіштерді біз түрлі базалардағы мәліметтермен салыстырып, сараптама жасағанымызда, сандар сәйкес келмей, «басқа ақиқатты» анықтадық. Қазір біз елдегі вакциналау үрдісінің өсімі бойынша деректерді көре аламыз», - деп жазды министр.
Ведомство басшысы Цифрлық үкімет кеңсесінде Ситуациялық орталықтан басқа ұлттық аналитикалық орталық, цифрлық трансформация орталығы және ұлттық жобалау офисі жұмыс істейтінін айтады.
«Ұлттық аналитикалық орталық математикалық үлгілеуді қолданып, базадағы корреляцияларды іздестіреді, болжап, талдау жасайды.
Ал цифрлық трансформация орталығы хаосты автоматтандыруға тосқауыл қояды. Мысалы, бұған дейін жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алу үшін 11 қадам жасап, 88 күн күту керек болса, жаңа үдеріс енгізілгеннен бері бұл қызметтің нәтижесіне 3 қадам жасап, 8 күнде қол жеткізуге болады.
Ұлттық жобалау офисі барлық ұлттық жобаларды бақылап, қажет болған жағдайда түзетулер енгізіп, KPI орындалмай жатқандығы туралы ескерту жібереді. Мысалы, ұлттық жобадағы 1000 мектеп салу бастамасын жобалық тұрғыда басқаратын ортақ жүйе болады. Сол жерге жауапты мамандар мен органдар өзіне қатысты деректерді толтырып отырады. Біз қағаздағы есептер мен хаттарды жойғымыз келеді. Енді жүйе тендер жарияланғаннан бастап, барлық жұмыстар барысын қадағалап, тәуекелдерді алдын-ала анықтайды», - дейді Мусин.