Трансшекаралық өзендерде суды әділ бөлу үшін көрші елдермен ынтымақтастықты нығайту керек. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Су ресурстарын басқару саласына байланысты мына мәселелерге назарларыңызды аударғым келеді. Біріншіден, трансшекаралық өзендердегі су деңгейінің азаю қаупі бар. Орташа көп жылдық су ағыны 100 текше шақырымды құрайды. Оның ішінде 44 пайызы көрші елдерден келеді. Су тапшылығын болдырмау үшін бізге Қытайдан ағатын трансшекаралық өзендерде су бөлуді әділ және өзара тиімді келісім құрып, сондай-ақ Орталық Азия елдерімен (Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан) және Ресей Федерациясымен екі жақты ынтымақтастықты нығайту керек», - деді министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, тиісті екі жақты комиссиялар жұмыс істеп, келіссөздер тұрақты негізде жүргізілуде.
«Ысырап боп жатқан су мөлшерін азайту үшін арналарды жөндеу және су ресурстарын автоматты түрде басқаруды енгізу талап етіледі. Осылай, егіске дейін тасымалдау кезінде су ысырабын азайту мақсатында гидромелиоративтік жүйелерді қайта құру іс-шаралары белсенді түрде жүргізілуде», - деді ол.
Мағзұм Мырзағалиев еліміздегі ішкі және сыртқы су қауіпсіздігін ескере отырып, су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және су саласын цифрландыру тұжырымдамасын әзірлеу жұмысы басталғанын айтады. Бағдарламаны келесі жылы бекіту жоспарланып отыр.