ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанда коронавирус инфекциясының одан әрі таралуына жол бермеу шаралары туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, экономиканы тұрақтандыру туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, ірі сауда нысандарының жұмысын шектеуге қатысты жағдай мен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы, өңірлердегі ахуал туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, көлік саласы туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, ақпарат және байланыс саласындағы жағдай туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев, білім беру саласындағы ахуал туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова және Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев баяндады.
Облыс әкімдері мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері коронавирустың таралуына жол бермеу және өңірлерде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Үкімет басшысы барлық ұйымдар мен нысандарда эпидемияға қарсы санитарлық шаралар өткізу, дәріханалар желісін дәрі-дәрмектермен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейтуді тапсырды.
Ішкі істер министрлігі мен арнайы мемлекеттік органдарға коронавирустың таралуымен күресуге тартылған медициналық және карантиндік нысандарды қорғауды күшейту жүктелді.
«Сауда және интеграция министрлігі ірі сауда желілерімен және азық-түлік тауарларының жеткізушілерімен, сондай-ақ әкімдіктермен барлық қажетті өнімдер мен алғашқы қажеттілік тауарларын үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін пысықтауы тиіс», — деді А. Мамин.
Премьер-Министр Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жоғары жылдамдықты интернеттің жұмыс істеуі мен қызметтерді барынша электронды түрде көрсетуді қамтамасыз етуді және қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшуді ынталандыруды тапсырды.
«Әкімдер Мемлекет басшысының Төтенше жағдайды енгізу туралы Жарлығына сәйкес жергілікті жерлерде тыйым салынған және шектеу қойылған шараларды іске асыруды жеке бақылауға алуы тиіс. Барлық азаматтарға елдегі тұрақты жағдайды сақтау және Қазақстанда коронавирустың таралуын болдырмау үшін барынша күш салу қажет», — деп түйіндеді А. Мамин.