19 нау, 2020 сағат 18:18

Төтенше жағдай режимі: Кәсіпкерлер мүлік салығынан босатылуы мүмкін

Қазақстанда кәсіпкерлік субъектілерін мүлік салығынан босату мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің директоры Шыңғыс Темір айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалға беруші жалдау ақысын талап еткенде жалға алушы оны төлей алмайды. Қазір оның қызмет түріне тыйым салынса, онда бұл жағдайдан шығудың бірнеше жолы бар. Егер осы мерзімдегі жалдау ақысын тоқтатуға келісе алмасаңыз, төлемді кейінге қалдыру әдісін қарастыра аласыз», - деді Ш. Темір онлайн-брифингте. 

Сонымен бірге, «Атамекен» ҰКП Үкіметпен бірлесіп, жалға берушілер үшін қаржылық міндеттемелердің кейбір түрлерін жеңілдету нұсқаларын қарастыруда. 

«Жалға беру де бизнес болып саналады, жалға берушінің несие және салық сынды өз міндеттемелері бар. Осыған байланысты біз бизнесті салықтан босатуды ұсынып отырмыз. Яғни, салық төлеушілердің белгілі бір санатын белгілі бір салық түрлерінен босатуды ұсынамыз. Қазіргі уақытта кәсіпкерлік субъектілерін, кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды мүлік салығын төлеуден босату мәселесі пысықталуда. Осылайша қиындыққа тап болған кәсіпкерлерге көмектескіміз келеді», - деді Шыңғыс Темір.