26 нау, 2020 сағат 11:31

Төтенше жағдай кезіндегі Қазақстан мешіттері

Бүкіл әлемді дүрліктірген COVID-19 коронавирус дерті Қазақстанға да жетіп, мешіттерде намаз оқымауға, көпшілік жүретін орталарда болмауға, ірі сауда орталықтары мен тойхана, ресторандардың жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болдық. Онысымен қоймай, жұқпалы дерттің белгілері анықталған адам саны күн сайын артып бара жатқандықтан ел билігі 16 наурыздан 15 сәуірге дейін елде коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды.

«Ұлт» порталы осы төтенше жағдай кезіндегі Қазақстан мешіттері не істеп жатқанына шолу жасап көрді. 16 наурыздан бастап төтенше жағдай енгізілгенге дейін еліміздегі барлық мешіттерде тазалық жұмыстары, арнайы залалсыздандыру (дезинфекция) жұмыстары жүргізіліп, медициналық тазартқыш құралдары орнатылды. Барлық жерлер хлорланып, дәкемен оралды, сұйық су сабындар белгіленген жерлерге қойылды. Ал төтенше жағдайдан бастап, мешіттердегі жағдайлар қалай өрбіді?

Алдымен хорнологиялық тізіммен тізетін болсақ:

16 наурыз

Алдымен Орал орталық мешіті залалсыздандыру (дезинфекция) жұмыстарын жүргізетін арнайы мамандарды шақырып, мешіт қызметкерлеріне кеңестерін жеткізіп, тазалық пен қауіпсіздік шаралары күшейтті. ҚМДБ-ның БҚО-дағы бас имамы М.Қыстаубаев облыстық мешіттен бастау алған дәл осындай залалсыздандыру шаралары қаллалық, аудандық мешіттерде де жалғасып жатқанын атап өтті.

Дәл осы күні Алматы қалалық мешіттерінде қажетті дезинфекциялық шаралар жүргізіліп, ғибадатхананың іші толығымен залалсыздандырылды.

Сондай-ақ, Атырау облысында да мешіттерді залалсыздандыру жұмыстары қарқынды түрде жүрді. Атап айтанда, Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінен бастап, аймақтағы барлық мешіттерде жаппай залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қалыптасқан ахуалға орай, санитарлық тазалық жұмыстары енді Атырау мешіттерінде үздіксіз жүргізілетінін атап өтті.

Ақтөбе облысы да қызу жұмысқа дәл осы күні кірісті. Қалалық, аудандық, ауылдық мешіттердің имамдары Үндеуді жергілікті жамағатқа жеткізіп, ретімен түсіндіріп, бірқатар сақтық шараларына мән беруге шақырды.

 «Нұр Ғасыр» мешіті, Ақтөбе қалалық орталық мешітінде, «Бақытжан» және «Нұрдәулет» мешіттерінде, Мұғалжар аудандық орталық «Нұртай» және Ембі қалалық «Нұр» мешіттерінде, облыстағы басқа да мешіттерде қажетті дезинфекциялық шаралар жүргізіліп, ғибадатхананың іші толығымен залалсыздандырылды.

Аталған аймақтың бас имамы Т.Оспан Қазақстан Діни мұсылмандары басқармасының үндеуіне толықтай қосылып, төтенше жағдайдан шыққанша аймақтағы жағдайды бақылауға алатынын атап өтті.

17 наурыз

Қазақстан мұсылмандарының Діни басқармасының  бас ғимаратында да толықтай дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп, нысанның кіре берісі мен дәліздеріне антисептикалық құрылғылар орнатылды.

Дәл осы күні Солтүстік Қазақстан облысындағы мешіттер де санитарлық режимді күшейтті. Тәртіптер қатаң ескерілуі үшін Қызылжар өңіріндегі барлық мешітінде жамағатқа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жадынама парақшалары жабыстырылды. Сонымен қатар облыстық орталық мешіттен бастап, аудан мен ауылдардағы мешіттерде залалсыздандыру іс-шаралары қолға алынды. Ғимараттардағы намаз оқу залдарынан бастап, асхана, дәліздер, дәрет бөлмелері мен барлық есік-терезелер арнайы ерітінді қосылған сумен жуылып, тазартылды. 

Жамбыл облысының орталық «Һибатулла Тарази» мешіті, әйелдер намазханасы жанында орналасқан «Һибатулла Тарази» медресесі толықтай арнайы аппараттармен залалсыздандырылды.

20 наурыз

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Павлодар облысы бойынша өкілдігі «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде еліміздегі төтенше жағдайға байланысты дұға жасап, құрбан шалды.

Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлы бастаған қалалық мешіт имамдары бүкіл әлемді алаңдатып отырған COVID-2019 жұқпалы індетіне қатысты Алла Тағаладан халқымыздың амандығы мен тыныштығын тілеп дұға жасады. Сондай-ақ,  «Қарилар даярлау орталығы» медресесінің шәкірттері түсірген Құранға Хатым  оқылып, дұға бағышталды.

Ал бұл күні Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде өңірдің Әйел-қыздар секторы игі іс-шара қолға алды. Атап айтқанда, сектор жетекшісі Кенжегүл Қошқарованың ұйымдастыруымен мешіт жанындағы әйелдер діни сауат ашу курсы шәкірттері бетперде (маска) тігуді бастаған. Бетперделердің алғашқы 150 данасы Ақтөбе қаласы тұрғындарына тегін таратылды.

23 наурыз

«Зекет қоры» Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің атынан қайырымдылық шарасын жасады. «Біз біргеміз» акцясы аясында мұқтаж отбасыларға қол ұшын беру мақсатында жасалды. Қайырымдылық шарасына Өскемен қаласында тұратын тұрмысы төмен 50 отбасы қамтылды.

Дәл осы күні қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының  төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің жасаған үндеуіне үн қосу мақсатында, Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай және қала имамдары Құран хатым оқып, еліміздің амандығы мен тыныштығы үшін дұға тіледі.

24 наурыз

Бұл күні Ақтөбедегі бетперде (маска) тігу шарасы Ақтау қаласында жалғасын тапты. Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінде облыстық «Әйел-қыздар» секторы өкілдігінің ұйымдастыруымен қолға алын игі істе сапалы матадан кәсіби түрде тігілген бетперделер Ақтау мешітінің қызметкерлерін толық қамтып отыр.

Батыс Қазақстан облыстық орталық мешітінң есіктерінің тұтқасы ақ дәкемен оралды. Орал қаласындағы медресе шәкірттері де онлайн оқуға көшкен. ҚМБД пәтуасына сәйкес, мешіт жанындағы асханаларда өтетін құдайы ас, садақалар, марқұм болған адамның жетісі, қырқы, жылынөткізу тәрізді дәстүрлі кәделер уақытша тоқтатылған. Бұл аймақта 47 мешіт бар. Барлық мешітте дезинфекция тұрақты жүргізіліп отыр.

Міне, еліміздің басына туған қиын-қыстау күндерде Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы дер кезінде шешім шығарып, аса қажетті жағдайда барлық мүмкіндікті жүзеге асырып отыр. Біздің асыл дінімізде де бар, әу бастан дерт шыққан жерге бармау немесе дерт шыққан жерден басқа жерге шықпау туралы түсіндіреді. Яғни кеселдің басқа аймақтарда да таралуына жол бермейді. Біз де өз кезегіміз де, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы  шығарған пәтуаға көндігіп, айтқан талаптарды орындай білуіміз керек. Бұл әрине, тек қана уақытша сынақ екеніне сенейік.

Ақбота МҰСАБЕК