Фото: dartoffice.ru
Мәдениет және спорт министрлігі архивке тапсырылуы тиіс құжаттарды жиі жоғалтатын ведомстволарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Жергілікті атқарушы органдардың сараптамалық-тексеру комиссияларының отырыстарында құжаттардың жоғалу фактілері анықталады. Бұған біліктілігі төмен мамандардың құжаттарды сапасыз ретке келтіруі себеп. Мәселен, Әділет министрлігінің үш құрылымдық бөлімшесінде 2010-2016 жылдары 317 құжат жоғалу фактісі анықталды. Ауыл шаруашылығы министрлігінде - 195, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде - 47, Қаржы министрлігінде - 4 құжат жоғалған. Бұл осы ұйым қызметкерлерінің жұмыс өтілін, жалақы мөлшерін және зейнетақы қорына аударымын растай алмауына әкеп соғады», - делінген министрлік деректерінде.
Сонымен бірге, бүгінде архив құжаттарының 97,8% өрт қауіпсіздігі төмен ғимараттарда сақтаулы тұрғаны мәлім болды. Тағы бір мәселе – еліміздегі мұрағаттарда құжат қабылдайтын орын тапшы.