Белгілі әнші Төреғали Төреәліге қатысты іс тоқтатылды. Ол Алматы облысы Көлсай көлдері маңында гид қызметін атқаратын жігітті соққыға жыққан еді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram арнасына сілтеме жасап.
"Төреғали Төреәліге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігі негізінде СДТБТ-да тіркелген қылмыстық іс бойынша тараптар татуласқанын хабарлаймыз.
Нәтижесінде қылмыстық іске қатысты тергеу тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылады.
ҚР Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормаларына сәйкес, өлім-жітімге байланысты емес, ауырлығы аз немесе орташа қылмыс жасаған адам жәбірленушімен татуласса әрі келтірілген зиянды түзетсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылады", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін TikTok-та әнші Төреғали Төреәлінің белгісіз ер адамды ұрғанына қатысты видео тараған еді. Кейінірек әнші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынғаны белгілі болды.
Сонымен қатар Төреғалидің өзі де жанжал неден басталғанын түсіндірген. Оның айтуынша, жаңа клиптің түсірілімі барысында жанжал шыққан. Жәбірленуші олардан көзін алмай, жұмысына кедергі келтірген. Оқиға соңы әнші тарапынан соққыға ұласқан.
Ал бүгін әншінің соққыға жыққан жігітпен татуласқаны белгілі болды.