19 ақп, 2018 сағат 09:02

Томирис - сұлулық эталоны ма, әлде жауынгер әйел бейнесі ме?

Танымал режиссер Ақан Сатаев "Томирис" патшайым туралы тарихи фильм түсіруді қолға алған болатын. Жақында фильмінің басты рөлін сомдайтын актриса белгілі болды. 

Режиссер "Томирис" патшайымның рөлін сомдайтын актрисаның суретін жариялағаннан кейін, әлеуметтік желілер әртүрлі пікірге толып кетті. Халықтың бір бөлігі таңдалған арудың Тұмар ханшайымның образын толық аша алмайтынын айтса, енді бір тарап сәтті таңдау болғанын айтады. Осы ретте, желілерде жазылып жатқан пікірлер легінің бір парасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Қазақ қыздарының сұлулық стандарты сақталды ма?..

Бұл Ақан Сатаевтың "Томирис" деген тарихи фильмінде басты рөлді сомдауға таңдап алғаны. Альмира Тұрсын. Актриса емес. Психолог. Бесінші сыныпта таласа оқыған Томирис патшайымның ойымдағы образын дәл мына бейнеден көргендеймін ше.. Тура сол! Әдемі әрі сұсты!

Тарихи фильмге кейіпкер таңдаудың қандай қиын екенін түсінесіздер, өткенде "Баян Сұлуды" сұлу емес деп шуладық. Себебі, әркім Баян Сұлуды оқығанда я естігенде, оны өз қиялындағы сұлудың образымен сомдап алғанбыз. Әсіресе, біз секілді бертінгі ұрпақ. Ал қазақы сұлулық, әдемілік дегеннің стандартын қазір өзіміз сипаттап бере алмаймыз. Миымыздағы образдар мидай араласып кеткен..

Сәбет заманында біздің талғам черно-белый Людмила Чурсинадан бастап "Миминодағы" Лариса Ивановна, "Ирония судьбыдағы" Надя, "Амфибия адамдағы" Анастасия Вертинская, Шуриктің қызы Наталья Варлей, "Гардемарины, впередтегі" Татьяна Лютаеваға дейін ауысты. Бұған үнді киносынан Рекха, Хема Малини, қыл аяғы Мадури, Айшварьяның образдары келіп қосылды. Анау жақтан ентелеп Мэрилин Монро, Катрин Денев, Софи Лорен, Бриджит Бардо, Элизабет Тейлорлар тұрды. 90-шы жылдарда тіптен әлемтапырық басталды. Белуччи, Марсо басып кірді санамызға. Осының ара-арасында өзіміздің Өтекешова, Нығматуллиналар сығалап қалды. Енді өз санаңыздағы мың сан образдан бәріне ұнайтын қазақ сұлуын құрап шығыңызшы) Мүмкін емес қой...

Сұлулық деген тек үлкен көз, оймақ ерін емес. Ол - қылық, жүріс, күлкі және т.б.. Бұл жағынан да стандарттарымыз сақталды дей алмаймын. Мысалы, шешен қыздарында "Лела Хаар" деген жазылмаған стандарты бар. Кеудесін тік ұстап жүру (статность) дейсіз бе, жүріс (походка) дейсіз бе, бәрі қамтылған. Ислам ер адамның алдында әйелдің бөксесін ары-бері тастап, бұлтыңдап жүруіне тиым салған. Осы тиымнан шығар деп ойлаймын, осы "Лела Хаар" бойынша шешен, ингуш, балқар, қарашай қыздарының ер адамның алдында мықынын қозғалтпай, бөксесін лақтырмай, аяғынан ұшымен зыр қағып жүруі қалыптасты. Бұл Майкл Джексонның "Айжорға" биімен қатар сұмдық виузальды көрініс. Бұл стандартты сақтау сол тау қыздарының сұлулығына плюс 1 балл қосады.

Бізде осындай қазақ қыздарының сұлулық эталоны, әдемілік стандарттары деген қалды ма өзі? Сол ғой сұрақ...

Өркен Кенжебек

Әйелдерді әсіре дәріптеуге қарсымын

Белгілі кинорежиссер Ақан Сатаев інім «Томирис» фильмін түсіруге дайындыққа кіріскен сияқты. Әйтеуір, ФБ-тағы көзі қарақты жігіттердің мәліметі осы.

Ақанды өзімінің інім десем артық айтқандық емес, мен оқыған Қарағанды қаласының №2 мектеп-интернатында ол да оқыған. Талантты, талапты азаматтардың бірі. Біздің кинорежиссер азаматтардың тарихқа немкұрайлы қарамайтыны қуантады. Бірақ жақсы, білімді киносценаристер жоқ па, білмедім, тарихи фильм қойса болды, тарихтан және тарихи этнографиядан шығандап кетеді. Көрермен ретінде «Көшпенділерді» де, «Жау жүрек мың баланы» да, кешегі «Қазақ хандығын» да қабылдай алмаймын. Тарихқа сәйкес келмейді, жүрекке әсер етпейді! Енді «Томиристе» сол қателерді қайталайды-ау деп қыпылықтап отырған?! Қазақ дейміз-ау, бірақ өз басым Томирис аңызының толық нұсқасын Иорданның "Гет елі туралы аңыз"(сказания о гетах) кітабынан оқыдым! Гет (гот, герман) елінің аталары туралы баян 5-ші ғасырда, Каталауын соғысынан кейін жазылған. Иордан осы алапат соғысқа қатысқан адамдарды көрген, сөйлескен. Кітап эпикалық тілмен жазылған. Жаңағы айтқан Каталуын соғысында қан судай болып ақты, сол жердегі өзен суы қып-қызыл болды, жаралы жауынгерлер өзен жағасына келіп су орнына қан ішті дейді. Оңай ма екі жақтан 200 мың жауынгер өлген екен. Иордан әсіресе гот (гет) тайпаларына обал болды, бір жағы Ғұн патшасы Аттила жағында, бір жағы Рим қолбасшысы Аэций жағында соғысып, бірін-бірі қырды деп жылап отырып жазғаны байқалады. 

Иордан гет (гот) тайпаларын скиф дейді, яғни оның жазып отырғаны массагет аталатын сақтың батыс бөлігі. Олар дай (дах) қысымымен батысқа жылжығанда екіге бөлініп кетеді, бірі -ост гот, екіншісі -вест гот. Кейін ғұндармен қатты араласты да Еуропаны жаулап алды, жаңа мемлекеттердің негізін салды. Қазіргі Германияның өзі ХІХ ғасырдың ортасына дейін, яғни Бисмарк билікке келгенше 300 герман-гот тайпасының конфедерациясы болатын.

Енді келіп біз Томирис тақырыбына барған уақытта осы мәселелерді ескеруіміз керек қой. «Троя» мен «Спартак» сияқты болмаса да соған жете қабыл фильм жасауымыз керек. Шын мағынасында бұл фильм арқылы Еуропа көрерменіне шығуға болар еді. Әрине, массагеттер түгел батысқа көшкен жоқ, өз араларымызда да қалды, ендеше бұл тақырыпты қазақ тарихымен, этнографиясымен байланыстырып жіберсек нұр үстіне нұр. «Трояны» жасаған уақытта қазақтың киіз үйіне дейін көрсеткен жоқ па ? Біз де көрсетейік, қазақтың әдемі киім үлгілерін неге көрсетпеске ?! Қазіргі дайындық вариантындағы Томирис киімі маған түрпідей! Тек қана археологиялық қазбалардан табылған дүниелерге сүйенген нашар мамандардың жасаған реконструкциясы ұнамайды!

Тағы бір маңызды мәселе, біздің режиссерлер одағай оқиғаларды, айқайлаған тұлғаларлды жақсы көреді. Олардың тасасында бұхара халықтың бейбіт тіршілігі бар, отбасы үшін таңның атысы, күннің батысы дем алмай шырылдаған ана, отбасым- отаным деп терін, қанын төккен әке бар. Шын мәнінде соғыстар, жаугершілік адамзат баласының бейбіт өмірін анда-санда тас талқан ететін сирек құбылыстар, оларға тым көп акцент жасауға болмайды. Егер біз Томиристі көзі қызарған жауынгер, батыр қатын ретінде суреттесек, ондай фильмдер мен әдебиет біздің қоғамда онсыз да өршіп кеткен әйел еркіндігін күшейтіп жіберетінін ескеру керек. Ал бұл деген қоғам үшін де, мемлекет үшін де катострофа. Біз мектеп жасындағы қыз балаларымызды қалай тәрбиелеп жатырмыз? Кім дұрыс зерттеу жүргізді? Кинодан көретіндері еркекбасты қатындар, мектепте көретіні жалғызбасты қатындар! Мен әйел халқына қарсы емеспін, бірақ оларды жаппай батыр, жорықтас, жарты малтаны бюірге жейтін жолдас, еркекпен жекпе-жекке шығып жүрген күш иесі ретінде тым дәріптеуге қарсымын.

Ақан Сатаевтың "Томирис" тарихи фильмін түсіруге дайындықты бастады дегенде алдымен ойға келген осы мәселелер еді. Оқырман дұрыс қабылдайды деп сенемін!

Жамбыл Артықбаев

Сценарийді орыс тілділердің қолына тапсыру - қауіпті

Шынында да "Спартактай" фильм түсіретін деңгейге келді, әлгінде өзіңіз айтқандай, қуыршақ филмьдер уақытша, белгілі бір саясатқа орай түсірілген. Бірақ менің қорқатыным, сондай кино түсіру үшін сондай сценарий жазатын адам табыла қояр ма екен деген сұрақ. Смағұл Елубай, Дулат Исабек, Қабдеш Жұмаділдің шамасы келер еді. Бірақ қазіргі заман көзқарасымен оларды Ақан, тағы сол секілді эпикалық кино түсіруге таяп қалған мамандар өз қатарына тарта қояр ма екен?! Әй, қайдам.

Ал сценарийді орыс тілділердің қолына тапсыру - қауіпті. Олардың мәдениеті бөлек. Бөлек мәдениетпен қазақ құндылығын құлпыртып шығару мүмкін емес. Осы жағын да ойлау керек. Көркемдік кеңес (болғанын қалар едім, әйтпесе, Баян секілді кез келген мемлекет қаржысын судай шашып, талан-таражға салмақ) алдымен таңдалған тақырыпты, режиссер мен сценаристі, актерлерді таңдауды өз құзырына алғанда ғана біз айтқан мақсаттың үдесінен шығар ма едік. Әйтпесе, сол ортақол дүниелерді түсіргеніміз түсірген. Қараңызшы, мына көршіміз қырғыз да, өзбек те ұлттық кино, ұлттық құндылық, ұлт тәрбиесі негізінде түсіріп жүр киноларын. Түбі бұрынғы алтын ғасырына жететініне сенім мол. Ал бізше, сол баяғы орыспен достық (қолдан жасалған), "жасампаздық" секілді ура фильмдер көбеюде. Бізді көтеретін де, сылқ еткізіп тастай салатын да сол тарихи фильмдер. Шыңғыс ханды, Әл Фарабиді, т.т. біз өзіміз түсіруге тиіспіз. Бізді сыртқа солар танытады.

Дүрәлі Дүйсебай

Евроценристік саясаттың санамызға сеуіп кеткен сандырағы...

«Томиристегі» бас кейіпкерді осындағы киноның «мамандары» жаман мақтап жатыр. Актрисаның түрі мен Томиристің атына қарасаңыздаршы, ау, білгіштер! Киногерлер актрисаны тарих ғылымындағы «сақтар парсытілдес халық болған» дейтін евроцентристік көзқарастың жетегінде жүріп таңдаған секілді. Өйткені оның түрі протоқазақтарға, балбал тастағы біз көрген бабалардың түріне мүлдем ұқсамайды.

«Баяғы қазақтар көк көзді, cап-сары болған» дейтін күлкілі концепцияны тыңдап өскеннен кейін солай істеген шығар, білмеймін. Ол концепция да моңғолтектестердің бәрін кембағал халықтай көрген евроценристік саясаттың санамызға сеуіп кеткен сандырағы ғой. Осының кесірінен өз түрінен өзі жеріген, европалықтарға ұқсағысы келіп тұратын дүмше, дүбәра қазақтар пайда болды. «Томиристің» аты да тура сондай дүдәмал ат. Өйткені оның шын аты Тамирис емес! Тамиристің атын бізге ең алғаш естірткен – «тарихтың атасы» атанған грек тарихшысы Геродот болатын. «Ис» деген грек тілінің жалғауы. Егер осы «ис» деген тіркемесін алып тастасаң, «Тамир», «Темир» деген өзімізге таныс сөз шыға келеді. Ақан Сатаев жақсы маман шығар. Бірақ оның Сәвет одағынан бері келе жатқан ескі сүрлеумен жүріп отырып түсірген бұл фильмінде алып бара жатқан ешқандай жаңалық жоқ!

Жолымбет Мәкіш

***

Томирис - ерінің алдына түсіп, көкдолылықпен шайқасқа шыққан жоқ. Ол ел билеген әміршінің жесірі ретінде елін қорғау үшін амалсыз атқа мінді. Кирдің басын кессе - елі үшін, қала берді жастық албырттығымен жауына алдырып, қапы кеткен жалғыз ұлы үшін ашынды. Бұл жерде гендерлік саясатты қыстырып қажеті жоқ. Ер-азаматтарының кегін қуған қайсар патшайымды үлгі ету идеясынан ешкім үрке қоймас.

Жанат Әскербекқызы

Топтастырған: Ұлт порталы