Нұр-Сұлтан қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Құнәділов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жасаған мәлімдемесіне пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында негізгі реформаға тоқталды. Жақында халық арасында қызу талқыға түскен утильдік алым жинауға қатысты мәселені қарады. Кәсіподақ қызметкерлері ретінде Мемлекет басшысының халықтың табысын арттыруға бағытталған барлық құралдар мен тетіктерді қарастыратын әлеуметтік кодексті әзірлеу мен қабылдау туралы тапсырмасы біз үшін маңызды болды. Сонымен қатар, ол жұмыссыздық деңгейін төмендету туралы айтты. Әсіресе жастар арасында. Біз серіктестік тарап ретінде өз кезегімізде әлеуметтік кодекске сәйкес жүзеге асыру тетіктерін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар дайындадық және әлі де ұсынуға дайынбыз», - деді Төлеген Құнәділов.
Сонымен қатар, спикер жастар тәжірибесіне тоқталды.
«Жоғары оқу орнын немесе орта арнаулы оқу орындарын бітірген жастарда жұмысқа орналасу мәселесі жиі туындайды. Мемлекеттік «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бұл проблеманы шешуге айтарлықтай көмек болды. Десек те, ол жеткіліксіз, жалақы деңгейі де сәйкес келмеді. Бүгін Президент жастар тәжірибесіне грант бөлу керектігін айтты. Бұл - жұмыс істейтін жастар үшін тамаша мүмкіндік және әлеуметтік лифт», - деп қосты ол.
Төлеген Құнәділов Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік орган басшылары өңірлерге тұрақты түрде шығып, облыс әкімдері әр елді мекеннің тұрғындарымен тұрақты түрде кездесулер өткізіп тұруы керек деген бастамасын қолдады.
«Шенеуніктер, әкімдер халықпен үнемі кері байланыс жасап, халыққа шығып, олармен тілдесулері керек. Мемлекеттік саясатты, ұсыныстарды жеткізулері тиіс деп ойлаймын. Бұл болашақта бүкіл халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартады», - деді ол.